Ажырасу жағынан көш бастап тұрғанымыз өтірік - сарапшы

Қаракөз Амантай 05 апр. 2024 11:54 6940

"Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр" деген ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты. Сарапшы Серік Бейсембаев елді дүрліктірген ақпаратқа зерттеу жүргізіп, оның жалған екенін дәлелдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол БАҚ беттерінде жарық көрген бұл ақпарат бір қарағаннан күмән тудырғанын айтады. Осылайша анық-қанығын білу мақсатында зерттеу жүргізіп көреді.

"Біздің ел ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде алғашқы орындардың бірінде деген хабарламаны жиі кездестірем. Егер Гуглдан сұрасаңыз, Қазақстан 4,6 деген көрсеткішпен (1000 адамға шаққанда) Мальдивадан кейін екінші орында деген ақпарат шығады. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен вирусталып, әжептәуір резонанс тудырғаны да белгілі.

Бірақ бір қарағаннан-ақ бұл көрсеткіш маған күдікті көрінді, себебі ресми статистика бойынша бізде ажырасу коэффициенті ешқашан 3-тен асқан емес. Ал жоғарыдағы 4,6 деген сан қайдан шықты? Ол үшін шағын фактчек жасап көрдім", - дейді ол.

Бірнеше сайтты ақтарған сарапшы БАҚ көздері worldpopulationreview.com деген ресурсқа сілтеме жасағанын байқайды. Бірақ бұл еш ресми ұйым емес, жай статистикалық агрегатор екен. Олар 2023 жылғы ажырасу бойынша жарияланымда Қазақстанды екінші орынға қойған және ақпарат көзі ретінде Біріккен ұлттар ұйымына сілтеме жасаған. 

"Содан БҰҰ сайтына барып, әлеуметтік статистика бөлімінен ажырасуға қатысты жинақты жүктедім. Ішін ашсам, Қазақстан бойынша соңғы статистика 2021 жылға берілген, және ажырасу коэффициенті 2,5 деп тұр. Бұл - біздегі ресми көрсеткіш. Ал жоғарыдағы ресурс қате дерек берген болып тұр", - дейді ол.

Осы тұста сарапшы ажырасу көрсеткіші бойынша еліміз әлемдік рейтингте көш бастап тұр деген ақпаратты жоққа шығарды.  

"Бір қызығы, олардың фейк ақпаратын тіпті біздегі үкіметке қарасты Экономикалық зерттеулер Институтының өзі көшіріп алып, мақала қып шығарыпты. Сонда, өздеріне қарасты Ұлттық статистика бюросы беретін деректермен салыстырмағаны қызық екен.

Сонымен біз ажырасу жағынан әлемдегі лидерлерге жатпаймыз. Тіпті Уикипедияның өзінде дәлірек ақпарат берілген. Ресми дерек бойынша ажырасу коэффицентінің рекорды 2019 жылы орнаған - мың адамға шаққанда 3,23 ажырасу. Бірақ 2020 жылдан бері төмендеу байқалады, соңғы 2022 жылғы ресми дерек бойынша бұл коэффициент 2,27 құраған", - деп атап өтті ол.

Еске салайық, соңғы уақытта елімізде жалған ақпаратпен адамның санасын улайтын ботофермалар көбейіп кетті. Күні кеше PR маманы, журналист әрі кәсіпкер Назым Жанғазинова фейк ақпараттардың қоғамға ықпалы туралы ойын ортаға салған болатын.

Медиа маманы жалған ақпарат таратып, қамауға алынған БАҚ өкілінің жағдайы туралы ақпаратты ерекше атап өткен еді. 2024 жылғы 1 сәуірде әлеуметтік желілерде журналист Данияр Әділбековтің Астанада ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Оның үстінен жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Айтуынша, ақпарат ағымындағы бұл үрдіс жылдар бойы жалғасып келеді.

"Бүгін (1 сәуір - ред) журналист Данияр Әділбековтің ұсталғаны туралы жаңалық шықты. Ол жалған ақпарат таратты деген айыппен 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мәліметтерге сүйенсек, анонимді "Дикая Орда" telegram-арнасын Әділбеков жүргізген көрінеді. Мұнда әртүрлі фейк пен жалған ақпараттар желдей ескен.

Осы тұста олар мені де белгілеп кетіпті.

Ендеше осы мәселе бойынша пікірімді бөліскім келеді. Мен медиа индустрияға жаңадан келген адам емеспін. Сондықтан анонимді Telegram арналарда жарияланатын жалған жаңалықтардың даму тарихын аз-кем білемін", - дейді маман.

Ол мұндай үлкен толқынның алды Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек жаңа қызметке тағайындалған кезде бастау алғанын жеткізді.

"Менің субъективті пікірімше, осы сарындағы ақпараттық соғыс 2018-2020 жылдар аралығында Байбек "Нұр Отан" басшысының орынбасары болып тағайындалған кезде кең етек жайды. Өткенге көз жүгіртсек, дәл сол жылдары анонимді арналардың пайда болуы белең алған екен.

Ал бірқатар арна мен олардың авторларын анонимизациялағаннан кейін көпшілігі сол кезде “Нұр Медиа” арнасында жұмыс істегені белгілі болды. Михаил Козачков осы тақырыпқа байланысты зерттеулер жазған болатын. Бұл жігіттердің абырой-беделіне кір келіп, көптеген адам олардан бас ала қашатын болды. Бұл таңғаларлық жағдай емес.

"Батырлардың" бет-бейнесін ашатын арналар жарыққа шыққанымен, олардың кейбіреуі әлі күнге дейін көлеңкеде қалып, әркімнен мін тауып, кір жағуын жалғастырып келеді", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости