Агроөнеркәсіптегі инновациялар: тамшылатып суару не береді?

Ақтоты Жапатова 21 окт. 2025 12:30

Түркістан облысы бүгінде еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жетекші өңірлерінің бірі саналады. Соңғы жылдары бұл аймақта ауыл шаруашылығына инновациялық тәсілдер енгізу қарқын алды. Әсіресе мақта шаруашылығын жаңғырту бағытында нақты нәтижелер байқалуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Биыл өңір диқандары шамамен 142 мың гектар алқаптан 420 мың тоннадан астам шитті мақта жинады, бұл жалпы егіс көлемінің 98 пайызын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 25 центнерге жуық болды. Бұл көрсеткіш соңғы жылдардағы ең жоғары өнімділіктің бірі болып отыр.

Су үнемдеу – табысты агробизнестің кепілі

Мақта егістіктерінің 50 мың гектарында тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған бұл тәсіл өнім көлемін ұлғайтып, жердің құнарлылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Тамшылатып суару — бұл су мен тыңайтқыштарды әр өсімдіктің түп аймағына дәл қажетті мөлшерде және уақтылы жеткізетін суару әдісі. Бастапқыда бұл тәсіл жылыжай шаруашылығында кеңінен қолданылған, ал бүгінде ашық жерлерде — көкөніс, жеміс, жүзім өсіруде және ландшафтық безендіруде де кеңінен пайдаланылады.

Тамшылатып суару басқа суару тәсілдерімен салыстырғанда инвестицияның қайтарымын едәуір арттырады. Бұл әдісте ылғалды пайдалану тиімділігі 95%-дан асады. Ал беткі суару кезінде бұл көрсеткіш шамамен 50%, жаңбырлатып суаруда 65% шамасында болады.

Мемлекеттік қолдау және шаруаларға жеңілдіктер

Мақта саласына мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп келеді. Шаруаларға тұқым, тыңайтқыш пен суару шығындары бойынша субсидиялар беріледі. Ең қызығы – мақта тұқымдары елімізде 100 пайыз субсидияланатын жалғыз дақыл саналады. Бұдан бөлек, екінші репродукциялы тұқымдарға да қолдау қарастырылған.

Ауыл еңбеккерлері жеңілдетілген несие мен арзандатылған дизель отынын «Кең дала 2» және «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламалары арқылы ала алады.

Мақта өсіру – тек ауыл шаруашылығы ғана емес, ол жер мен еңбектің үйлесімді қарым-қатынасының көрінісі. Қазіргі таңда жерді ұтымды пайдалану мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау басты басымдыққа айналып отыр.

Мақта өндірісінің заманауи технологиялармен ұштасуы ауыл экономикасын дамытып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруда. Бұл – агроөнеркәсіп кешенінің тиімді басқарылуы мен жер қатынастарының дұрыс жолға қойылуының нақты нәтижесі.


Рекомендовать
Последние новости