АЭС салуға қарсымыз!

Dalanews 25 мар. 2015 09:42 3856

Ұлы даланың «улы далаға» айналуына жол бермейміз!

(Ашық хат)

 Атом электр стансасы (АЭС) құрылысы мен Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) аумағына ядролық қалдықтар сақтауға қатысты суық хабарға бейжай қарау мүмкін емес.

Бұған қуанғандар да болуы мүмкін, бөркімізді шешкенімізбен, оны аспанға атуға жүрек дауаламайды.

ашық хат (1)

Павлодар облысының Май ауданы – Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарымен шекаралас елді мекен. Алғаш рет атом бомбасы жарылғаннан бері Семей ядролық сынақ полигонының зардабын көріп келеді. Атом, сутегі бомбаларының жүздеген жарылысын өз көзімен көріп, бар ауыртпалықты басынан өткерген жұрт енді ғана еңсесін тіктеді. Сталиннің тапсырмасымен атом бомбасы жарылмай тұрып үйір-үйір жылқысы ой мен қырын еркін кезіп, ақ бөкені дала көркін келтірген, жері шұрайлы, топырағы құнарлы өңір болатын.

Антиядролық қозғалыс құрарда атауын «Невада-Май-Семей» қозғалысы деп атау ұсынысы болғанымен, қозғалыс «Невада-Семей» аталып кетіпті деген сөз бар ел арасында. Сондықтан болар, Май ауданы ядролық жарылыстар салдарынан зардап шегуші елді мекен ретінде көп айтылмайды.

40 жыл бойы лапылдаған от астында ғұмыр кешіп, азап көрген халыққа енді ғана ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік туды деген ой келген еді. Сары далаға киіктер де орала бастағанын көрген жұрт қуанысып қалған-тұғын. Полигон апатын жою бүгінгі ұрпақ міндеті болса да, аудан халқының денсаулығы, табиғаты әлі толық тексерістен өткізілмеді. Ауыз толтырып айтарлықтай көмек те көрсетілмеді, елдің датын естір ешкім болмады.

1985 жылы Май ауданында 25 мың халық болса, 2015 жылғы есеп бойынша 10 мыңнан астам тұрғын бар. Көп адам көшіп кетті десек те, халық санының азаюы тек тұрмыстың ауыртпалығынан емес, төрт түлік малын өсірген халық жұмыссыздық мәселесін көп көтермейді. Халықтың басым бөлігі 40-60 жас аралығындағы адамдар. Жастар аз.
Өмірге келген сәбилер ағзасы физиологиялық ауытқуларға ұшырап, мүгедек болып туылуда. Неге жақын туыстарымыз түрлі дертке ұшырап, ем қонбай қайтыс болып жатыр? Себебі, көп жағдайда қатерлі ісік сынды ауруды ертерек анықтау мүмкін емес. Адам бойындағы радиация мөлшерін анықтайтын құрылғы аудан емханаларында мүлдем жоқ. Ол үшін Семей қаласына баруыңыз керек. Ауру екеніңді анықтау үшін де әуре-сарсаңға түсесің. Жалақысы жоқ адамдар жолақыны қайдан тапсын?!

Полигон мәселесі көмекскіленіп, тек тарих беттерінде қалатындай күйде. Себебі адам өлімінің көбеюі мен денсаулығының нашарлауына басқа да мәселелер барлығын алға тартумен жүргендер халықтың мысын басып, Үкіметтен жеңілдік, көмек сұрауға қарсы әрекет жасауда. Мысалы, СЯСП Павлодар облысының Баянауыл, Лебяжы мен Май аудандарына шекаралас, әсері ортақ деуге болады. Аталмыш аудан тұрғындарына ортақ шипажай салу мәселесі сөз күйінде қалды.

Өмірге келген сәбилер ағзасы физиологиялық ауытқуларға ұшырап, мүгедек болып туылуда. Неге жақын туыстарымыз түрлі дертке ұшырап, ем қонбай қайтыс болып жатыр? Себебі, көп жағдайда қатерлі ісік сынды ауруды ертерек анықтау мүмкін емес. Адам бойындағы радиация мөлшерін анықтайтын құрылғы аудан емханаларында мүлдем жоқ. Ол үшін Семей қаласына баруыңыз керек. Ауру екеніңді анықтау үшін де әуре-сарсаңға түсесің. Жалақысы жоқ адамдар жолақыны қайдан тапсын?!

Жуырда аудан әкімі Б. Ысқақова аудан халқы алдында есеп берді. Денсаулық сақтау саласына тоқталып: «Жаңа туған нәрестелер өлімі 10,2 пайызға, қайтыс болған адамдар саны 109 пайызға, өлім көрсеткіші 5,3 пайызға ұлғайды. Жалпы, аудан бойынша туберкулезбен ауыратын адамдар саны 2,4 пайызға, қатерлі ісікпен ауыратын адамдар саны 5,9 пайызға өсті. Қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болған адамдар саны 26,7 пайызға, жүрек ауруларынан қайтыс болатын адамдар саны 28 пайызға ұлғайды» деп мәлімдеді. Бұл тек ресми ақпарат.

Көк жәшіктен Берия келіп атом бомбасын сынауға бұйрық берген қалашық Курчатовқа Атом электр станциясы салынады дегенді естіп, еңсеміз түсті. Теледидардан сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев «Адам денсаулығын қорғай отырып, табиғатқа зиянсыз атом энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған» құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін толық аяқталатынын айтты және «АЭС құрылысын жоспарлағанда міндетті түрде оның қалдығын қайда жібереміз деген сұрақ тұрады. АЭС-ті кем дегенде 60 жыл пайдалануға болады. Кейін көзін жою керек. Ал біз қалдықтарды Семейдегі сынақ полигондарына көмуіміз мүмкін» деді.

40 жыл бойы ядролық қарулар сыналған қазақ жері, енді қалдықтар төгілетін алаңға айналатын болды. Оның үстіне Май ауданына қарасты 706 мың гектар жерді Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі сұрап отырғаны айтылып, «радиациялық ластанған жерлерді қайтеміз» деген сауал көпшілік талқысына түсіп, тұрғындар бірауыздан «өмір бойы осында тұрып келеміз. Енді осы жерде ұрпағымыз малын өсіріп, игілігіне пайдалансын» деген ойларын жеткізді.

[caption id="attachment_9907" align="alignleft" width="412"]балалар Семей қасіреті[/caption]

Бұл қоғамдық тыңдаулардың аржағында «Жерді пайдаланбасаңдар, басқа өңірге береміз» деген ой жатқаны жасырын емес. Олардың көрші облыстағы «Мал өсіргіміз келеді, мал басын көбейтейік десек, жер жоқ» деген бірнеше малшының сөзіне ьасымдық бергені байқалады. Май ауданында полигон аумағынан бөлек ауылшаруашылығы мақсатында игерілмей жатқан мыңдаған гектар жер барын аудандық жер қатынастары бөлімі растай алады. Сондықтан жерді ауылшаруашылығына қайтарудың астарында басқа мақсаттар бары айқын.

«706 мың гектар жердің барлығы радиациялық ластануға ұшырамаған, оның екі жарылыс ошағынан басқасын ауылшаруашылығына пайдалануға беру керек» деген пікірде Ұлттық ядролық орталық мамандары. Жалпы, осы Ұлттық ядролық орталығының ақпаратына сенуге бола ма?

Семей ядролық сынақ полигонының 39 пайызы Май ауданының иелігінде. Осы жерлерді Шығыс Қазақстанға берсе, Май ауданы радиациялық ластануға ұшыраған аймақтар санатынан алынып тасталуы ғажап емес. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған институт та Май ауданына салық төлемейтін болады.

Жерді ауылшаруашылығына пайдалану мен радиациялық қалдықтарды көму ісі бір-біріне қарсы әрекеттер. Биліктегілердің бұл ісін қалай түсінуге болады?

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақтың қай жеріне болсын Атом электр станциясын салудың қажеті жоқ, оған тек табиғат жанашырлары ғана емес, табиғат зардабын көріп отырған көпшілік қарсы. Кеңес билігі Абай мен Шәкәрімнің туған жерін 40 жыл бойы сынақ алаңына айналдырды, ендігі кезекте Қазақ билігі «қоқыс алаңына» айналдырады дегенге сенгің келмейді.

«Жұмыс орны ашылады, электр қуатының тапшылығы болмайды» деп тұрмысы ауыр елді алдаудың қажеті жоқ. АЭС-ке қарапайым ауыл тұрғындарын жұмысқа алады деу ақылға сыйымайды.
АЭС Ертіс өзенінің бойына салынбақшы, Павлодардың Екібастұз қаласының бойымен ағады, сондай-ақ, Қарағанды обьлысын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған тіршіліктің күре тамыры. Ертіс өзені Курчатов қаласының іргесімен өтеді, сондықтан АЭС еліміздегі ең үлкен өзенге де қауіп төндіретінін жоққа шығаруға болмас. Ғалымдар ауыр металлдардың ыдырауы үшін мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар керектігін айтады, радиация ауа, топырақ, су арқылы адам ағзасына жететіні мәлім.

Чернобыль мен Фукусиманың апатқа ұшырауы Қазақстанда қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Жапондар әлемде ғылыми техникасы дамыған ел болса да, атом станциясының апатын болжай алмады.

[caption id="attachment_9908" align="alignright" width="420"]зардап Бұл зардапты ұмытуға болмайды![/caption]

АЭС Ертіс өзенінің бойына салынбақшы, Павлодардың Екібастұз қаласының бойымен ағады, сондай-ақ, Қарағанды обьлысын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған тіршіліктің күре тамыры. Ертіс өзені Курчатов қаласының іргесімен өтеді, сондықтан АЭС еліміздегі ең үлкен өзенге де қауіп төндіретінін жоққа шығаруға болмас. Ғалымдар ауыр металлдардың ыдырауы үшін мыңдаған, тіпті миллиондаған жылдар керектігін айтады, радиация ауа, топырақ, су арқылы адам ағзасына жететіні мәлім.

Қазақ жерінің атом электр санциясын салатын, ядролық қалдықтар төгетін «улы алаңға» айналуына жол бермеуге тиіспіз. «Мал баққан, ешкімге соқтықпай жай жатқан» елдің шырқын бұзу кімге қажет?!

Ұлы далада көсіле шабатын құлагердің су ішер жер таппай, атом көлінің жағасында өлгенін елестетудің өзі қорқынышты. Біз үшін ел мен жердің тыныштығы, алаңсыз өмір сүруі бәрінен маңызды. Үкіметтің әр шешіміне қатысты өз пікірімізді білдіру бәріміздің конституциялық құқымыз. Бұл топтың пікірі емес, көптің жан айқайы!

(Павлодар облысы Май ауданының 20-ға жуық тұрғыны қол қойған)

Рекомендовать
Последние новости