«Абайдың соңғы күндері». Ұмытылған ескінің бәрі жаңа

Dalanews 07 окт. 2022 15:26 1642

"Хабар" Агенттігінің тапсырысымен "Абайдың соңғы күндері" атты бір сериялы тарихи, деректі фильм түсіріліп жатыр. Таяуда эфирден көрсетіледі. Фильмге Абайдың ұлы Мағауия қайтыс болғаннан кейінгі соңғы қырық күні арқау болады. Ақын өміріндегі ең ауыр соққы болған осы қазадан кейінгі күндерін Абай қалай өткізді? Не күй кешті? Не айтты? Авторлар осы сұрақтарға жауап іздейді. Фильм мен сценарий авторларының бірі - жазушы-журналист Қанат Тілеухан аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Абай туралы телевизиялық және кино өнімдер аз түсіріліп жатқан жоқ. Көп дүние жарыққа шықты. Бұл фильмнің олардан ерекшелігі бар ма?

– Біз ақын өмірінің бір кезеңіне ғана тоқталдық. 1904 жылы Балашақпақ жайлауынан Абайдың сүйегі қайтты. Уәсилә Мағауияқызының айтуынша, хәкімнің демі Балашақпақтағы Қырықошақ деген жерде үзілген. Осы Қырықошақта болған қайғылы оқиғаға дейінгі ақынның қырық күні фильмде қамтылған.

Абайдың данышпан екенін бәріміз білеміз де, қарапайым адам екенін қаперге ала бермейтін сияқтымыз. Өмірінде жасып көрмеген, ғажайып қайрат, кемел ақыл иесі Оспан, Әбіш қайтыс болғанда қатты күйзелді. Бірақ, Мағауия тірі болатын. Бар сүйеніші, үміт артқаны қасында болды. Алайда, жасынан жабысқан дерт ақыры Мағашты да алып тынады. Бұл қаза Абай өміріндегі ең ауыр соққы болды. Фильм осы Мағауия қазасымен басталады.

Абай қазақтың рухани әкесі дәрежесіне көтерілгенімен өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Әкелік уайым-қайғысы мен Құнанбай әулетіндегі орны баян етіледі. Көрермен қауым ақын бейнесін жаңа қырынан көріп, өмірінің соңғы күндеріндегі рухани хәлін тани түседі деп үміт етеміз.

– "Хабар" арнасының жаңа телевизиялық маусымының маңызды жобаларының бірі болғалы тұрған бұл деректі фильмнің кейіпкерлері кімдер? Қай жерде түсірілді?

– Біздің кейіпкерлеріміз – Абай туралы сөз болса, газеттен, эфирден сөйлейтін спикерлер емес. Олар Абай ауылында туған,  ақын өмірінің шежірелі қатпарларынан хабары бар адамдар. Шұбартауда тұратын Нәстілек Сәменбетұлы – Абайдың ақын, әнші шәкірті керей Уәйістің туған жиені. Оның Абайтануға қосқан үлесі жайлы атақты ғалым Қайым Мұхамедханов жазған. Абай қайтыс боларда аурып жатқанда шұбартаулық бір-екі кісі арнайы барған. Олар жай ғана бармаған. Ақын өміріне араша түспек болды. Олар – адам дәрігері Бөжей Мыңғатұлы мен бақсы Шоқбатар. Шұбартаулық шежіреші сол әңгімелерді айтады.

Тағы бір кейіпкеріміз – Манатай Балтақайұлы. Тоқсанға таяп қалған Манатай ақсақал Ырғызбай тұқымы. Өскенбай бидің туған бауыры Мырзатайдан тараған ұрпақ. М. Әуезовтің досы Балтақай Толғамбаевтың ұлы. Әкесінен естіген әңгімелері бар. Әрі әулеттің де сырына қанық.

Өздеріңіз білесіздер «анадан төртеуміз» дейтін Абайдың өзінен кейінгі інілері Ысқақ пен Оспан 1901 және 1891 жылдары дүниеден өтеді. Ақын хәл үстінде жатқанда ағасы Тәңірберді ғана болды. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында аға мен іні арасындағы рухани алшақтықты жазған. Бірақ өмір сапарының соңында бір ана, бір әкеден туған ағайындылардың бітіспей кетуі мүмкін бе? Олардың хәлі, соңғы сөздері қандай болды? Осы сұрақтардың жауабын Тәңірберді Құнанбайұлының тікелей ұрпағы қарауылдық Құсман Берлешов ағамыздан сұрадық.

Түсірілім Абай облысының бұрынғы Шұбартау ауданы мен Абай ауданы және Семей қаласында болды.

– Фильмде бұрын кездеспеген тың дерек, мәліметтер айтыла ма?

– Ұмытылған ескінің бәрі жаңа деген сөз бар. Біз «Абайдың соңғы күндерін» түсіру кезінде Байторыұлы Балғабайдың естелігін қайта жаңғырттық. Шыңғыстау елінің азаматы Балғабай - Абайдың денесін Жидебайға дейін көтеріп барған адамдардың бірі. Тіпті, қабірін де қазысқан. Ақынның қабірін лақаттаған тағы бір адам - руы Әнет, Күжкеңұлы Кеңесбай деген кісі болыпты.

– Ұлы ойшылдың ақырғы күндері туралы дүниені түсірген шығармашылық топ жайында білгіміз келеді.

– Бұл фильмді әзірлеуге ат салысқан азаматтардың барлығының әдебиетке қатысы бар. Сценарий авторы Бағашар Тұрсынбайұлы Абай айналасын зерттеп жүрген сыншы, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. «Тіл мен жүрек», «Сөздің жолы» сын кітаптарының авторы.

Режиссер – Бекзат Смадияр. Бекзаттың алғашқы мамандығы филолог. Әл-Фараби атындағы ҚҰУ аяқтаған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кино режиссер мамандығы бойынша білімін жетілдірген. "Адасқақ" көркем фильмінің редакторы, "Ұлы даланың алып жыршысы" деректі фильмінің режиссері.

Оператор –  Ерзат Уәли. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында Кино және Телевизия

режиссері мамандығы бойынша білім алған. “Қазақстан” арнасының тапсырысымен “Оралу” телесериалында Режиссердің көмекшісі және екінші рөлдегі актёр. «Жамбыл Жабаев» деректі фильмінің қоюшы операторы болған.

Продюсеріміз – белгілі айтыскер ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Қалиев ағамыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Істеріңізге табыс тілейміз!

 

Рекомендовать
Последние новости