Абай дара қазақта

Dalanews 12 авг. 2020 08:41 806

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты Абайдай дара тұлғамыз туралы тереңнен толғаған мақаласын тұшына оқыдым.

«Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін  біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың  біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды. Абай сөзі  заманындағы  ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық», -деп 1913 жылы Абайдың қазақтың бас ақыны екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берген алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, арнасы асыл, тағылымы тәуелсіз, күндері үлгі, өмірі тағылым, түпсіз тұғиық ойшылдың еңбегінен оқығанымыз туралы  біз де бірер ойымызды айтпаққа, «Абайдай  қазақ  түйді ме ой?!» деп толғанбаққа бекідік.

Біз «Адамды заман тудырады» деп жүрміз ғой. Соңғы кезде ғалымдар мынадай заңдылықты ашты. Ұлы тұлғалар мынадай екі жағдайда, біріншісі ұлт (қоғам) өркендеген кезде, екіншісі ұлт (қоғам) күйзелген кезде көбірек дүниеге келеді екен. Бірінші жағдайды түсіну, ұғыну оңай.


Бұл ұлттың толысқанын, кемеліне келгенін, піскенін, қанатын кеңге жайғанын көрсетеді. Ұлт күйзеліске түсіп, күйреп жатқанда ұлы адам туғызбақ тұрмақ халық өзінің басымен қайғы болып кетпеуші ме еді?! Ғалымдардың түсіндіруінше, ұлт неғұрлым көне болса, оның қорғаныш қабілеті де мықты болады. Ұлт күйзеліп, күйреп, ұлт зиялыларының санасына «Осы біз ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе?» деген қауіп-түйсік орнаған кезде, заманның астан-кестен аласапырандығы мен қиындығына қарамастан ұлттың қорғаныш қабілеті оянып, ширығып, дүниеге ұлы тұлғаларды алып келеді екен. Яғни, ұлттың қорғаныш қабілет түйсігі ұлттың генетикалық қорына «тапсырыс» беретін көрінеді. Ұлт басына қауіп-қатер үйірілген кезеңде, ұлтымыздың рухын ояту, тілін дамыту, өнерін өсіру, мәдениетін нығайту яки қазақтың өзіне деген сенімін бекіту үшін ел тілегімен дүниеге келген  ұлы тұлғалардың  бірегейі Абай Құнанбайұлы болатын.



ХІХ ғасыр! Бұл уақыт «Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын» деген ата дәстүрдің шын мәніндегі  мұрагерлері азайған шағы еді.   Ресей отаршылдығының жаңа кезеңі басталып, хандық билік жойылып,  қашқан, босқан орыс шаруалары қазақ жеріне келіп күнелтіп қана қоймай, әскери отаршылардың қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, кіндігінен, қолқасынан ойып, шұрайлы жерлерін тартып алып, түгін тартса майы шығатын аймақтарға казактарды жаппай  қоныстандырған уақыт еді.  Патша үкіметінің ел бірлігіне, ұлттық қасиетімізге,  тіліміз бен дінімізге, кеңдігіміз бен елдігімізге зиян келтіріп,  ен далада еркін көшкен  халқымызлың көшіп қонуын шектеп, малын барымталап,  намысына тиген,  қазақтың  сұлтандары  мен билеріне шен-шекпен үлестіріп, оларды өкімет пен халық арасындағы  үстем тап етіп қалыптастырып,  жер – сенікі, билік – менікі деген алмағайып кезеңде   ел намысының найзағайы  іспеттес парасат пен ақылды, білім  мен білікті тең ұстаған  Абайдай дара тұлға өмірге келген болатын.

Шалқайса тарих шыңы бар, еңкейсе иен елі бар қазақ  халқының тарихы туралы  көп толғаған данамыз Мұхтар  Әуезов «Замана деген ұста бар, адам алмасын сол дархан шығарады», - деген екен.

Замана деген ұста тудырған Абай хакім халыққа  жаны ашитынын ісімен, әрекетімен (сөзімен емес!) көрсетіп қана қоймай, халыққа  жаны ашитынын қай кезде де, қай жағдайда да, қандай сын сағатта да, нендей қиындықта да дәлелдей білген дара  Тұлғаға айналды. Қуанышы мен қайғысы, қасіреті мен қасиеті итжығыс түскен ХIХ ғасырда Абайдай арысымыз толыққанды ұлт болу үшін біздің халқымызға отаршылдық кезеңде айрылып қалған: дін тұтастығы, тіл тұтастығы, жер тұтастығы, экономикалық  тұтастықты қалпына келтіру  жолында еңбек етті.


Халқымыз әлімсақтан  ел билеген хандардың хақ пікіріне жүгінген,  байырғы билердің әділ шешімін бойына сіңірген,  «артықша туған  азамат, халыққа үлкен бел болар» деп адал басшының соңынан ерген. Елдің еңсесінің тік, мұратының асқақ, мерейінің үстем болуы мемлекетті басқаратын басшы мен оның саясатын жүргізіп отыратын қосшыларына тікелей байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома десек, Абай өз заманында  жүректен жарып шыққан өлеңдері  мен қара сөздеріне  қоғамдағы саяси оқиғалар мен әлеуметтік теңсіздікті, бұратана деп бұқтырылған, қараңғылықтың қойнауында, мешеуліктің ортасында қалған қайран қазағының мұңы мен мұқтажын, зары мен запыранын  арқау етті. Қолы таза, қанағатшыл, адал, әділ, халыққа жаны ашитын жанның әрдайым жұртшылықтың арасында беделінің бекем екендігін, ал қорқақ, сатқын, жағымпаз, мәңгүрт, құлқынның құлы болар сатылымпаз би-болыстардың халық алдында беделден жұрдай болатындығын аяусыз әшкереледі.

«Болыс  биді  құрметтейін десең құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің  ешбір қасиеті жоқ» деген ғұламаның сөзінің ғасыр жарым уақыт өтсе де өзектілігін жоймағанына таңғаласың.  Хакім Абайдың:«Мен боламын демеңдер, аяқты алшаң басқанға. Екі көзің алақтап, құр қарайсың аспанға» деген өз заманының шендісін сынаған мысалының ішінара біздің қоғамымызда кездесетініне күйінесің.

«Адам  боп келіп өмірге, адам  боп кету парызың, болмаса ондай қасиет, өтелмеген қарызың» демекші, Алланың өлшеп берген ғұмырында адамдық келбетіңе кір жұқтырмай, кісіліктің туын жықпай, азаматтық арыңды биік ұстап, адалдықтан таймау әр пендеге сын болмақ. Ал, адамдықтың негізі имандылықта жатыр. Ұлы Абай: «...кімнің  ұяты  болса, иман сонда» деген. «Күллі  адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек. Әуелі –надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі –залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден  ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік – хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Зұлымдық – адам  баласының дұшпаны. Адам баласына  дұшпан болса, адамнан бөлінеді» деген ғұлама  Абай  ислам дінінің қағидаларын, оның рухани-адамгершілік, тәрбиелік мәніне тоқтала отырып, дінді таратушылар мен уағыздаушылардың  ел арасына ірткі салар әрекеттерін  қатты сынға алады.

Ұлы ойшылдың  ғасырдан астам  уақыт бұрын дабыл қаққан осынау мәселелердің бүгінгі күні сыздаған жарадан ушыққан обырға айналғаны кәміл.  Жеті атасына дейін жететін қазына жинау жолында жолындағысын жайпап, билік қолына тие қалған жағдайда  мемлекеттің қазынасын майшелпек қылып үптеп кететін дүниеқоңыз,  ашкөз шенеунік, байлық үшін өзгенің өмірін шімірікпей қия салатын қатыгез қаныпезер, азды-көпті қолда бар құзыретін пайдаланып, сыбайластықпен әлдебір нәрселерді қарпып қалатын мешкей, «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп бауырдың емес, қауымның мәртебесін ойлайтындардың орнына «өзім» дегенде өгіздей күші» бар жемқор, атақ үшін атасын сататын сатқын, өмір бәйгесінде озып келгеннің аяғын шалып құлатуға бейім тұратын  күншіл, өзгенің жетістігін көре алмайтын міншіл,  ата-ана, тума-туыстарымен бір дастарханда тамақ  ішпей, бастарына орнықтырып алған түсініксіз діннің илеуіне түскен дүбара ұрпақ, бүлдіршіндерді қинап-зорлайтын педофильдердің шектен шыққан әрекеті, өзегін жарып шыққан баласын шімірікпестен  қоқыс қалдығы, әжетхана, тас жолдарға тастай салатын, ата-анасын кәрілер үйінің қабырғасына телміртіп, тапсырып кететін  безбүйрек қыз, бежірейген ұл, кекірейген келіннің көбейгені қоғамының дабыл қағар трагедиясына айналды. Шырылдап дүниеге келген сәбиін шімірікпей буындырып,  бетін күл-қоқыспен бүркей салатын, түйіншекке орап, көрінген жерге лақтырып кететін, ақша үшін әлдебіреулерге  бөбегін белгілі бір сомаға саудалап сата салатын, өзге ұлттың жігіттерінің қалтасының қалыңдығына бола етегінен ұстап, жат жерде, бөгде елде құсалықпен өмір сүретін  қыздарымыз бен тәнін ашық түрде пұлдап, жезөкшелікпен айналысуды өзінің өтімділігі деп есептейтін келіншектердің  көбейгенінен де қорықпайтын болдық. Отбасы алдындағы жауапкершілігін түк сезінбей, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, балаларына алимент төлеуден жалтарып  жүрген жігіттердің әрекетін немен ақтап аламыз?

Ел ішінде осындай келеңсіздіктің күннен-күнге көбейіп бара жатқанына қынжыласың. Және сорақысы сол, осындай жайттарға қоғамның немқұрайлы қарай бастауы етек алып барады. «Досыңнан қорықпа – азар болса сатып кетер, жауыңнан да қорықпа – азар болса атып кетер, қорықсаң  немқұрайлылықтан қорық – ол сатып  та, атып та кетеді», -деген екен  жазушы Ясинский.   Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған осындай қатыгездіктер талқылана сап, «сол баяғы, баяғы Байғожаның таяғы» деген немқұрайлылыққа жалғасып, келесіде тура сондай  төбеден жай түсірер төтенше оқиғалар орын алғанша ұмытылып кетеді. Бүгінде ұл-қызы өзге діннің  жетегінде кетіп, еңірегенде етегіне жас толып отырған ата-аналар көбейді. Сақалды адам көрсек секемденіп, шолақ балақтыны көрсек шошып, хиджаб кигенді көрсек үрпиіп қарайтын қалге жеткеніміз шындық. Діни сауаттылықтың төмендігі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кемшіндігі,  ішінара сауатсыз имамдардың кездесуі,  жат ағымды насихаттаушылардың түрлі айла-әдістермен жас буынды жыландай арбап, жұлынқұрттай жалмап, өз пікірлестерінің қатарын толтыру үшін  қаржылық жағынан қызықтырып,  материалдық тұрғыдан мығымдап жатқанын ащы да болса мойындаймыз. Абайша толғасақ «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?». Ислам – әрбір пендеге  адам деген атқа  лайық  өмір сүруді үйрететін соңғы дін.  Абайдың: «Атымды адам  қойған соң, қайтіп надан болайын», - дейтіні бар емес пе? Ата-анаңызға қамқорлық жасауыңыз, жолдасыңызға жақсы жар болуыңыз, бала-шағаға үлгілі әке, ана болуыңыз, көршімен, туған-туысқандармен көркем қарым-қатынас  орнатуыңыз, адал табыс табуыңыз, мемлекеттің мүлкіне «аманат» деп қарауыңыз, тым болмағанда өзгеге жылы шырай танытуыңыз, міне, осылардың жиынтығы – дін.

Ақынның туған бауыры Шәкәрім  қажы қазақ  қауымына  1912 жылы «Айқап» басылымы арқылы  «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» - деп өтініш жасай келе, соның соңғы сұрауы: «Заман өткен сайын адамның  адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара  жатыр ма?» - деп толғанысқа түскен екен. Иә, біз қайда кетіп бара жатырмыз деген сұрақ әркімнің көкейінде тұрса ғой, дейсің.


Дүниежүзілік жойқын дағдарыстар әбжыландай шалт қимылдап, дүбірге толы дүниенің апшысын қымбатшылық, жұмыссыздық, инфляция қыспағымен құрсауға алып, жер-жерде террорлық актілер халықтың үрейін ұшырып, рухани тұрғыдан жұтаңдану көріністерінің көңілге қаяу түсіріп отырған  уақытында  жаһанданудың ықпалында ұлт ретінде жұтылып кетпеудің қамын әр мемлекеттің ойластырып отырғаны белгілі. Бұл тұрғыда дана Абай «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді  ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің  мен ақылың  екі жақтап», -демеуші ме еді.

Егер де осынау міндеттерге әр адам  адал болып, парыз бен қарыз, мақсат пен мүддені биік қойып,  хакім Абайдың  «Өзің  үшін  еңбек қылсаң, өзі үшін  оттаған  хайуанның  бірі боласың, адамдық қарызы  үшін еңбек  қылсаң, Алланың  сүйген  құлы боласың сүйген құлы боласың» деген сөзін күн сайын жадында жаңғыртып отырса,  мемлекетіміздің тұғыры бекем болмақ.

Мирболат ЕРСАЕВ,


БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры


Рекомендовать
Последние новости