Абай атындағы ҚазҰПУ жаңа оқу жылына дайын

Dalanews 27 авг. 2021 11:42 1150

Абай университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов студенттерді толғандыратын жаңа оқу жылының қалай ұйымдастырылатыны, вакцинация және білім алушыларды жатақханалармен қамтамасыз ету туралы сұрақтарға жауап берді.

 

– Жаңа оқу жылында Абай университетінде оқыту қандай форматта ұйымдастырылады?

– Қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-да жаңа оқу жылына дайындық басталды. Өкінішке орай, елімізде жалғасып жатқан коронавирустық пандемия біздің университеттің биылғы қызметіне де кейбір түзетулер енгізді. Бірақ карантин режимі жағдайында біраз тәжірибе алып, қазіргі жағдайды қадағалап, біз дәстүрлі форманы таңдағанымызбен, кез-келген оқу форматында оқуға дайынбыз деп санаймын: педагогика - бұл қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы мамандық.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітілген нұсқаулығына сәйкес әрбір оқу орны өзінің академиялық саясаты мен жағдайына қарай аралас оқыту форматын қолдана алатындығын ескере отырып, біздің университет 2021-2022 оқу жылында blended learning (аралас оқыту) форматында өткізу туралы шешім қабылдады.

Дәрістер онлайн-форматта, ал семинарлар, практикалар, зертханалық және дене шынықтыру сабақтары - офлайн өтеді. Оқу барысында санитарлық-эпидемиологиялық режимнің барлық талаптары қатаң сақталады.

Бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бойынша оқитын 1-2 курс студенттері оқуын 6 қыркүйектен, 3-4-5 курс студенттері 1 қыркүйектен бастайды. 4-курс студенттері үшін педагогикалық (өндірістік) практика дәстүрлі түрде 2021 жылдың 16 қыркүйегінен 2022 жылдың 30 сәуіріне дейін өткізіледі.

Магистратура және PhD докторантура білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар 6 қыркүйектен бастап аралас форматта оқитын болады, онда ғылыми-зерттеу жұмысы мен практика офлайн, қалған сабақтар - онлайн өтеді.

– Студенттер вакцина алуға міндетті ме? Вакцинацияланбаған студенттер қалай оқиды?

– Коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы – вакцинация алу. Сондықтан әрбір адам бұл жағдайға саналы түрде және өзінің денсаулығы мен айналасындағы адамдардың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында оқу орындарын дәстүрлі оқыту форматына көшіру кезінде педагогтар мен қызметкерлерді, жатақханалар мен асханалар қызметкерлерін, 18 жастан асқан студенттерді 100 пайыз вакцинациялаумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен болатын. Вакцинация - біздің басты назарымызда.

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында оқу орындарының ғимараттарына, жатақханаларға, кітапханаларға кіру Ashyq жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Оқу корпустары мен жатақханаларда университеттің медициналық пунктінің мамандары жұмыс істейтін болады, олар бетперде режимін және басқа да санитарлық талаптардың орындалуын бақылайтын болады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 2021 жылдың 1 шілдесінен 25 тамызына дейін covid-19 вакцинасының бірінші компонентін алған білім алушылар арасында бірқатар ұтыс ойындарын өткізді. Түрлі жүлделер, соның ішінде ақшалай жүлделер ойнатылды. Мысалы, осы ұтыс ойындарының алғашқы жеңімпаздары атанған студенттер Қапшағайдағы «Ұстаз» демалыс орнына үш күндік демалысқа (2021 жылы 22-24 шілдеде) жолдама алды.

Жеңімпаздарды анықтау https://randomus.ru/list кездейсоқ сандар генераторы әдісі арқылы жүргізіліп, нәтижесінде COVID–19-ға қарсы екпе алып, жеңімпаз атанған 50 студент Қапшағайдағы демалыс орнына жолдама, 60 студент ағылшын курсына тегін сертификат және 100 студент бір жылдық оқу ақысына 5% жеңілдікке ие болды.

Бүгінгі таңда университет студенттерінің 70%-ға және профессор-оқытушылық құрамының 80%-ға  жуығы вакцинацияның қажетті дозасын алды. Біздің мақсатымыз-жақын күндері 100 пайыздық көрсеткішке жету. Вакцинация - бұл коронавируспен күресудің ең тиімді құралы екенін атап өткім келеді.

– Абай университетінде студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Биыл біздің университетке 2021 жылғы 26 тамыздағы жағдай бойынша 6348 адам қабылданды, оның ішінде бакалавриат бойынша – 5573, магистратура бойынша – 775 адам. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға түскен студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда артты. Сонымен қатар, ақылы бөлімге қабылдау жалғасуда. Өкінішке орай, Университет балансында барлығы бес жатақхана болғандықтан, барлық білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін емес.

Бірінші курс студенттерінің жатақханалардан орын алу мүмкіндігі жоғары. Бұл процесті комиссияның арнайы құрамы қарайды және автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Студенттердің өтініштерімен бірге олардың әлеуметтік жағдайын, денсаулығы мен мәртебесін анықтайтын құжаттар қабылданады.

Жатақханаға орналасу кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан білім алушыларға басымдық беріледі. Мысалы, бұл жетім және ата -анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ата -анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын тұлғалар; мүгедектер қатарындағы мүмкіндіктері шектеулі, бала кезінен мүгедектігі бар тұлғалар мен I және II топтағы мүгедектер. Бірінші курс студенттері де басымдыққа ие, оған басты себеп олар жаңа жағдайларға бейімделу үдерісінен өтеді. Жатақханаға орналастыру 18 жасқа толған студенттерге 100% вакцинациялануымен және медициналық анықтамасының негізінде жүргізіледі. Жоғарыда аталған санаттар бойынша жатақхана ең алдымен вакцинацияланған 1 курс студенттеріне берілетінін атап өткім келеді.

Жатақхана орнының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында әлеуетті инвесторлардан университетке жатақхана салу бойынша инвестициялық ұсыныстарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, біз бұл мәселені шешуді жоспарлап отырмыз.

Жатақхана құрылыс жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 05 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауы негізінде бастамашылық еткен бес әлеуметтік бастаманың үшіншісін іске асыру аясында жүзеге асырылады. Студент жастардың тұру жағдайларын жақсарту мақсатында уәкілетті органдар мен жоғары оқу орындары және колледж басшыларының алдына 2022 жылдың соңына дейін студенттерді 75 мыңнан астам төсек-орынмен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

– Жаңа оқу жылында университет ұжымына тілегіңіз?

– Ең алдымен, болашақ студенттер мен білім алушыларды, барлық оқытушылар мен басқа да қызметкерлерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, күш пен шыдамдылық тілеймін. Біздің жастарға, әсіресе бірінші курс студенттеріне жарқын және мағыналы студенттік өмір, жаңа білім мен табыс, әріптестерімізге амандық және қиын, бірақ игілікті еңбектерінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуді тілеймін.

Рекомендовать
Последние новости