93 күн немесе 2232 сағат

Dalanews 22 сент. 2017 05:51 830

ЭКСПО туралы қысқа да нұсқа

 

ЭКСПО аяқталды. Абыроймен өткізген, абыроймен шығарып салған сияқтымыз.  «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы көрме үш ай немесе 93 күн, немесе 2232 сағатқа созылды.
Естеріңізде ме?

ЭКСПО басталардың алдында Есімов «көрмеге 2 млн-ға тарта адам келеді» деген. «Арық айтып, семіз шығыпты» Есімов.

ЭКСПО көрмесіне келушілердің саны алдын-ала болжанған көлемнен екі есе артық болыпты.
«Келушілердің жалпы саны 3 977 545 адам болды, алдын ала болжам бойынша бұл көрсеткіш 2 миллион қонақ болады деп белгіленген еді», – дейді «Астана ЭКСПО-2017» АҚ баспасөз қызметі.

 

Қазір не істелуде?

Әзір Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің территориясында халықаралық павильондарды бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 15 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

«Ғимаратты ұйымдастырушыларға бастапқы қалпында тапсыру мақсатында, қатысушылар өздерінің экспонаттарын алып, ішкі құрылыс конструкцияларын қалпына келтіріп, қоқыстарды шығарып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді», — деді біздің басылымға берген мәліметінде көрменің баспасөз қызметі.

Аталған жұмыстар аяқталған соң, Орталық павильон –"Нұр Әлем" сферасы – мұражай ретінде жұмыс жасайды. Кейіннен ЭКСПО территориясында Халықаралық қаржы орталығы орналасады.

Айтпақшы ұмытып барамыз: ЭКСПО-2017 көрмесінің ең танымал орталығы «Нұр Әлем» павильоны болды. Аяқталғанына дейін бұған 1 млн 300 мың адам келген.

Назарбаев не деді?

 

Президенттің айтуынша, ЭКСПО көрмесіне жұмсалған қаражат келушілер мен Астанаға келген туристер есебінен қайтқан.
«Бұдан бұрын айтып өткенімдей, Астананың бүкіл қонақ үйлері лық толды, бүкіл мейрамханалар, концерт залдары, дүкендері жақсы қарқын алды. Осы жылдар ішінде Астананың бюджетіне түсетін түсім бірнеше есе артты. Бизнесмендер де өз қаражатын тапты. Мұның бәрі – мемлекет қазынасына», — деді мемлекет басшысы.

Назарбаев еске сала кеткендей, 1400 қазақстандық компания құрылысқа ат салысқан.

«Металл, құрылғылар, құрылыс материалдарын жеткізді. Мультипликативтік әсер осы кәсіпорындар арқылы жасалды. Адамдар ақша тапты. Бюджетке де қаражат түсті. ЭКСПО көрмесіне келушілерге салынған 1400 пәтер баспанаға мұқтаж Қазақстан азаматтарына, астаналықтарға сатылады», — деді бұл ретте Президент.

 

Астанадан кейін...

 

Иә, мұны да айту керек шығар. Астанадан кейін ЭКСПО Дубайда өтеді. 2020 жылы. Алдын ала бағалау бойынша, оның өткізілуіне орай инфрақұрылымға қажетті қаражат сегіз миллиард долларды құрайды.
Бұл көрмеге шамамен 25 миллион адам жиналады деп күтілуде. Әлемдік қауымдастықтың инновациялық және технологиялық әлеуетін таныстыру "Ақылды біріктіру, болашақты құру" ұраны аясында алты ай көлемінде өткізіледі.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости