90 жастағы кейуана құрмадан тұншығып, өлім аузынан қалды

Көркем Алдабергенова 30 янв. 2026 10:07

Петропавл қаласында жедел жәрдем бригадасы құрманың сүйегіне қақалып, тұншыға бастаған зейнеткердің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының баспасөз қызметінің мәліметінше, 103 пультіне 90 жастағы әйелдің қақалып, тынысы тарылып жатқаны туралы қоңырау түскен.

Дәрігерлер жеткенге дейін қарт әйелдің денесі көгеріп кеткен. Кейін жедел жәрдем орталығының өкілдері оның прекома жағдайында болғанын түсіндірді.

«Науқас ес-түссіз күйде болды, дем алуға әрекеттенгенімен, өздігінен тыныс ала алмады. Тыныс алу жолдарының өткізгіштігі бұзылған. Бригада халықаралық ACLS стандарттарына сәйкес шұғыл медициналық көмек көрсете бастады», - деп хабарлады өңірлік жедел медициналық жәрдем орталығы өкілдері.

Фельдшерлер бірқатар медициналық манипуляция жүргізіп, нәтижесінде әйелдің тыныс алу жолдарынан сүйегі бар құрманы алып шыққан.

Тынысы қалпына келгеннен кейін зейнеткер қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove