8 миллионға жуық адам декларация тапсырудан босатылады

Сағыныш Сардарова 19 нояб. 2024 10:40 235

Жеке тұлғалар кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылды. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрінің осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-ын декларациялаудан босату туралы ұсынысын қолдады. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау мәселесі қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев бүгінде алғашқы үш кезеңде жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4,8 млн адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, коммерциялық ұйымдар, квазимемлекеттік сектор басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары енгенін хабарлады. 

Қалған санаттағы азаматтардың (жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа да тұлғалар), 8 млн-ға жуық адамның декларация тапсыру міндеттеріне қатысты Қаржы министрі деректер базасын цифрландыруды және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуды ескере отырып, бұл санаттағы азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырудан босатуды ұсынды.

Босату осы санаттағы жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді.

Декларациялауды мына санаттағы тұлғалар үшін сақтау ұсынылады: ҚР тысқары жерлерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК (74 млн теңге) астам сомаға сатып алулар жасаған; дербес салық салынатын табыс алған.

Айта кетейік, азаматтарға ерікті түрде декларациялау құқығы беріледі.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы, Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындауды және оларды Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.

"Қазір декларацияны 4 млн-нан астам адам тапсырады. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді, сондықтан бұл мәселеге Мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын", - деп атап өтті Премьер-министр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III және IV кезеңдерінің күшін жою туралы петиция жарияланды. Онда табысының жартысынан көбі тек ішер асына кететін қара халықты бос әуреге салмай, декларациялаудан босату сұралады.

"Сондықтан халықты жаппай декларациялауға тартуға негіз жоқ. Тапқан табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсайтын, оның үстіне несиеге әбден белшесінен батқан қара халықты декларациялаудың не керегі бар...  Жалпы декларациялау талабы енгізілген қолданыстағы салық заңнамасында, керісінше, қоғамға түк пайдасы жоқ салық міндеттемелерін теріс пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар, тіпті салықтық жеңілдіктерді де қамтитын нормалар бар", - деп жазылған петицияда.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та декларациялаудың төртінші кезеңі мәселесіне тоқталды.

"Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар. Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет.

Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет", - деді Тоқаев.


Рекомендовать
Последние новости