6 трлн таусылды. Үкімет коронавируспен күреске тағы 191 млрд теңге бөлді

Dalanews 08 июл. 2020 12:47 925

Бұл туралы Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов мәлімдеді деп хабарлайды Dalanews.kz.




"Коронавируспен дәл қазір күресу үшін республикалық бюджеттен 191,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде бюджетті анықтау аясында 125 млрд теңге және Үкімет резервінен 66,9 млрд теңге бөлдік", – деді Шолпанқұлов.

Айтуынша әлгі ақша нақты мақсатқа жұмсалады. Мемтапсырыс мұқият бақыланып, аударылған ақша көздеген жерге жеткенге дейін қадағалауда болады.

"Әлбетте Денсаулық сақтау министрлігі де бұл іске атсалысады. Бұлар медицинаға бағытталған қаржының қалай игерілгенін медқызметті бақылау комитеті арқылы мониторинг жасайды", – дейді Қаржы министрінің міндетін атқарушы.

Бөлінген ақшаның 125 млрд-ы індетке қарсы іс-шараларға бөлінбек. Оның ішінде дәрігер айлығына үстеме қосу, инфекциялық аурухана салу және тағы басқасы кіреді.


Үкімет резервінен коронавируспен күрес мақсатында бөлінген 66 млрд 957 млн теңгенің 46 млрд-ы Денсаулық сақтау министрлігіне аударылады.

"Бұдан бөлек халықты қолдауға, экономиканы көтеруге тағы 575 млрд теңге бөлдік. Бұл ақшаның  біршама бөлігі Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан мен өзге қаладағы проблемалық құрылыс нысандарын аяқтауға, сол арқылы үлескерлер мәселесін шешуге жұмсалмақ", – дейді Шолпанқұлов.

Бұдан бұрын президент Тоқаев коронавируспен күреске 6 трлн теңге ақша кеткенін айтқан. 


"Жалпы, біз қабылдаған шараларға мемлекет бес жарым, тіпті шамамен 6 триллион теңге шығындады – бұл 13 миллиард доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астам көлемі. Яғни, тағы қайталап айтамын, бұл бұрын-соңды болмаған, шұғыл әрекет етуді қажет еткен шаралар.

Бұл шараларды мақсатты түрде қолға алдық, әрине, ертең сын-ескертпелер болуы мүмкін, мәселен ақшаны желге шашты дегендей. Бірақ мен, ең алдымен, бұл жағдайда біздің азаматтарымыздың өмірі мен әл-ауқаты үшін аянбай күресуіміз керек деп санаймын, – деген еді Мемлекет басшысы.

Рекомендовать
Последние новости