57 мың: саптағы онлайн-боттар немесе, Арандатушылардың айла-тәсілі

Dalanews 28 июл. 2023 02:10 961

Саясаттанушы, БАҚ саласындағы сарапшы Антон МОРОЗОВТЫҢ Zakon.kz порталына шыққан онлайн-петиция туралы мақаласын беріп отырмыз.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап еткен онлайн-петицияның арандату мен желіктіруге жетелегісі келетіндер табылды.

Шаһар басшысының қызметіне қатысты ретсіз әңгімені өзін белсенді санайтындар тағы қозғады.

Жасыратыны жоқ, қала әкімі Досаев Алматыдағы аудандардың барлық азаматтарымен тұрақты түрде кездесу өткізіп келеді. Кез-келген тұрғын қолына микрофонды алып, жанайқайын кедергісіз жеткізе алады.

Жұртшылықпен жүздесу алаңы қысқа уақытта нақты проблемалар айтылатын алаңқайға айналғанын білеміз, десек те, әкімнің Алматы тұрғындарымен кездесуі алғаш рет жөн-жосықсыздыққа пайдаланылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер төңірегіндегі хайпқа негізделген арандатушылығымен мәлім болған әрі Жанболат Мамайдың тіркелмеген Демпартиясының белсендісі Аружан Дүйсебаева деген біреу әкімге петиция туралы сауал жолдауға мүмкіндік алды. Ерболат Досаев белсендінің петицияға қол қойған 57 мың туралы әңгімесін асықпай тыңдап алып, көптеген дүниеге көз жеткізетін толымды жауап қайтарды.

Біріншіден, бұл 57 мың қол қоюшы – аты-жөні беймәлім анонимді қолданушылар, олар боттар болуы әбден мүмкін. Айтпақшы, дәл осы бот-қол қоюшылармен жанжал да болды, ол мәселені қозғап Ерболат Досаевты айыптап, шабуылдаған да әлгі белсендінің «әріптестері» болатын.

Ашығын айтқанда, бұл жасанды құжатқа онлайн қойылған қолдардың біреуінің болсын шынайлығына күмән туады. Себебі, мұндай петицияға Қазақстандағы танымал әлеуметтік желілерге аккаунттарын тіркеген кез-келген адам кемі, алты рет дауыс бере алады.

Ал оның нақты географиялық орналасу жағдайы мүлдем маңызды болмай тұр, бұл мәселеде негізі дауыс берушілер тек алматылықтар ғана болуы тиіс еді ғой. Шындығына келгенде, сөз солардың әкімі туралы болып отыр ғой.

Бір қызығы, қол қоюшылардың алматылықтар екені рас болса, олардың өмір сүру кестесі бұзылған ба, қалай өзі? Мәселен, петицияның астына қол қойғандардың статистикасына қарасаңыз, түгелге жуығының қол қойған мезгілі түнгі 3 пен 5-тің арасына сәйкес келеді екен.

Оның үстіне, сол уақытта үш минуттың ішінде жүздеген адамның қолы қойылып үлгеріпті. Қол қоюшылардың сағаттық өлшемі Қазақстанға қарағанда басқалау деп ойлауға болады, мәселен, Мәскеу дерсіз, себебі арада үш сағат айырмашылық бар. Белгілі бір уақытта алгоритмнен өздері жаңылысқан, бұл ресейлік боттардың Ерболат Досаевты қолдауына әкелді. Олқылық орнына келтірілген соң петицияны ұйымдастырушылар мұны әкімнің өзіне күйе жағуға пайдаланды.

Екіншіден, Қазақстанда мұндай нәзік алаңда таза ойынды ұйымдастыратын онлайн-петицияның легитимді институты әлі жоқ. Қажетті заңнамалық құжат қазір Парламенттің қарауында жатыр. Ол қабылданбайынша, онлайн-петицияға арналған легитимді алаң болмайды да. Ал қазіргі пайдаланылып жүргендері туралы айтуға да тұрмайды, онда айналдырған екі адам ондаған мың белсендінің рөлінде ойнай алады. Талқыланып отырған жағдай да дәл солай болды.

Үшіншіден, Досаевтың отставкасын қалайтындардың саны шынайы түрде 57 мың адам болды деген күннің өзінде, олар екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматы халқының үлесінің болмашы бір бөлігін құрайтыны күлкілі. Аружан Дүйсебаеваның проблемасы да сол, оның сөз еткен мыңдаған адамы нақты өмірде жоқ. Айтпақшы, Досаевқа қарсы Демпартия ұйымдастырған митингі де есімізде. Олар мыңдаған адамды айтпағанның өзінде, кем дегенде 500 адам жинар деп ойлағанбыз.

Шындығында, жүздің айналасында ғана қара көрінді, оның да бір бөлігі штаттық агенттер болды.
Шындығына келгенде, қалада жұмыс қызу жүріп жатқанын, сан жылдардан бері қордаланған проблемалардың біртіндеп шешіле бастағанын алматылықтар көріп отыр. Бірнеше жыл бұрын қала орталығы құрылыс алаңдарына айналған болатын. Сол уақытта да бәрі қыжыртқан еді. Алайда соңынан Панфилов көшесіндегі керемет көрініс, жаңарған Арбат тура еуропалық қалалардың бейнесін көзге әкелгендей болды.

Қазір қала әкімі Досаевтың командасы алдында «ескі» Алматының қордаланған проблемаларымен қатар одан да маңызды міндеттер тұр. Оған Алматыға жаңадан қосылған аймақтарды қосыңыз. Тау етегі мен жоғары аймақтардағы, буырқанған тау өзендері жағасындағы жерлерді ойланбастан таратып беру аз проблема тудырып отырған жоқ. Біз мұның бәрін тәуелсіздік алған жылдардан бері көріп келеміз. Сол кездері Алматылықтардың әлсіз наразылық дауыстарын еститінбіз.
Ал енді, қала құрылысы саласында көптен күткен тәртіп орнатыла бастағанда, наразы алматылықтар өздерін көрсетіп қалғысы келгендей.

Бірақ шындығында, бұл наразылықтың астарында қала әкімдігінің белсенділігі ұнамайтындар бар сияқты. Құрылысты жүргізетіндердің лоббиі қолдары таза емес қала белсенділерін ынтықтыратын би алаңына айналып кеткендей. Ол жұртшылықтың да шыдамын тауысып отыр. Қала әкімі Досаевқа қарсы петицияны ұйымдастырушыларды құрылысшы-олигархтардың арасынан іздеу керек сияқты. Оларға әкім оңай шағылатын жаңғақ емес, керісінше тістерін сындыратынын көрсетті.

Онлайн-петиция тақырыбына оралсақ, негізгі нәрсені айта кеткен дұрыс. Провакациялық қоқыстарды орналастыратын қазіргі алаңдар – ескі анонимді интернеттің соңғы қалдықтары болып тұр. Хейт пен буллинг жасау, қаптаған тролльдердің ластығы баршаға аян. Мұнда тіркелудің қажеті де жоқ, кез келген адамның біреудің атын пайдаланып ойна келгенді жасауға мүмкіндігі бар.

Біреудің бетпердесін жамылып, саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкердің беделіне нұқсан келтіріп, шабуыл жасай алады.
Естеріңізде болса, kompromat.kz деген сайт болған. Аталған ресурс арқылы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттарға, белгілі бизнесмендерге инсайдерлік ақпараттар түрімен ашық шабуыл жасалып отырды. Өкінішке қарай, бүгінде осындай қоқыс жәшігінің орнын толық көлемде онлайн-петицияға арналған алаңдар алмастырып отыр.

2020 жылдан бастап бірнеше жылда Қазақстан бойынша осындай 213 петиция пайда болды. Соның ішіндегі ең хайпқа айналғандары – шындықтан тым алшақ кетіп, жұрттың көңіл-күйімен ойнағандарының көбі Алматы белсенділерінің қолынан шықты. Енді міне, Алматыны экологиялық апатты аймақ деп тану туралы (бұл жарияланымның авторлары өмірінде бір рет, мәселен, Үндістанның ірі қалаларында болып көрді ме екен?), және Алматы облысының тұрғын үй кешенін оңтүстік астанаға қосу,

Назарбаев даңғылын басқаша атауға шақыру туралы петиция бар.
Көріп тұрғанымыздай, алматылықтар, немесе алматылық белсенділер жасаған петиция қаладағы проблемалық ахуалдың шешімін айтуға емес, тек жанжал тудыруға, провакация жасауға бағытталғаны байқалады.

Әкімді отставкаға кетіру туралы петиция шығар-шықпастан қалалық полиция департаменті оның авторы Сергей Егоров деген адамның жоқ екенін анықтады. Бұған не дейсіз? Ондай аты-жөні бар, құжаты рәсімделген адам Алматыда жоқ, тіпті тұрмайды да. Сөйтіп, провакациялық дүниені фейк персонаж ғана жасағаны, оған тек фейк алматылықтар ғана қол қойғаны анықталып отыр.

Ерболат Досаевқа келсек, менің міндетім оны «наразы алматылықтардан» қорғау емес. Оған қарсы жасалған петиция негізсіздіктің қайда кетіп бара жатқанын көрсететін нағыз демонстрация болды. Ол жердегі провокаторлар мемлекетке өзінің дегенін істетіп отырғандай көрінеді. Досаев – өз жұмысын істеп жатқан шенеунік. Ондаған жылдардан бері жиналып қалған Алматы секілді алып мегаполистің мәселелерін арандатумен шешем деу жаңсақтық. Қарабайыр болсын, ащы болсын, шындық осы.

Өйткен Алматыдағы проблемалар аспаннан түскен жоқ, оны бізге өзге планеталықтар әкеп тастаған жоқ – оны біз бұрынғы қала басшыларының қылмыстық әрекеттеріне жол беру арқылы өзімізге өзіміз жасадық.

57 мың фейк қол жиған петицияға қатысты Аружан Дүйсебаева сияқты белгісіз біреудің Досаевты отставкаға кетіруді талап етуінің қиялилығын түсіну өте оңай. Әзіл үшін болсын айталық, көз алдыңызға бүкіл Алматыны Марсқа көшіру туралы петиция жасалды деп елестетіп көріңізші. Оған қол қоятындар бұдан аз болмас еді, әрі нақты адамдар болар ма еді? Сонда не, осыдан кейін біз шынымен оңтүстік астананы космосқа ұшырудың техникалық мүмкіндіктерін талқылаумыз керек пе?

Сондықтан, мен фейк петицияларды негізге алушылар біздің қоғамды бөліп-жарушылар, түрлі жолдармен жағдайды ушықтырушылар, мемлекеттік органдардың жұмысына нұқсан келтірушілер ғана деп білемін. Қоғамдық пікірді жинайтын легитимді институт құру туралы ресми заңға қол қойылмайынша, мұндай онлайн-петициялардың ешқайсысына сенбеу керектігін айтар едім. Баршаға, шындығында ақысы төленген біреулердің провакациясына еріп кетпеуге кеңес беремін.

 

Рекомендовать
Последние новости