23 қыркүйекте 45 рет император кубогын жеңген сумо аңызы Хакухо Сё Қазақстанға келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Хакухо Сёның сапары Астанадан басталған. Ол танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың шақыруымен Қазақстанға келген. Хакухо Сё Астана әкімімен, туризм және спорт вице-министрімен кездесіп, шенділер сумо спортына қолдау білдіретінін айтқан.
Сапар барысында ол Қазақстан сумо командасына шеберлік сабағын өткізіп, Қазақстан Республикасы сумо күресі қауымдастығының өкілдерімен кездескен.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінде әйгілі сумо балуаны Хакухо Сёмен кездесу өткен.
Тараптар дәстүрлі спорт түрлерімен қоса, сумоның елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, халықаралық ынтымақтастықты әртүрлі деңгейде дамытатынын атап өткен.
Әңгіме барысында заманауи спорт қозғалысындағы сумоның рөлі сөз болған. Бұл спорт түрі қазірдің өзінде Дүниежүзілік ойындар халықаралық қауымдастығының (IWGA) бағдарламасына енгізілген және біртіндеп Олимпиада ойындарына қосылуға жақын екені айтылған.
Сондай-ақ, сумоның әлемдік даму үрдісіне ерекше назар аударылған. Бүгінде бұл спорт түрімен шамамен 85 ұлттық федерация айналысады. Сонымен қатар, әр елде жанкүйер саны артып келеді.
Одан соң Хакухо Сёның сапары Алматыда жалғасқан. Ол Шымбұлаққа барып, қазақтың ұлттық киімін киіп, суретке түскен. Кадрларды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Айта кетейік, Хакухо Сё (шын есімі - Мунхбатын Даваажаргал) - тарихтағы ең атақты сумо балуаны, 69-шы ёкодзуна. Оның қоржынында 45 чемпиондық атақ бар.
2021 жылы спорттық мансабын аяқтады. Содан кейін ол Жапония азаматтығын алып, "Миягино-бэя" сумо мектебін басқаруды қолға алды.