Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті "Rakhat0425" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Департамент мәліметінше, қаржы пирамидамасын ұйымдастырушылар азаматтардан мемлекеттік сатып алуға қатысы бар жалған инвестициялық жобаға қаражат тартып, 30% дивиденд уәде еткен.
"Нәтижесінде 350 адамнан 790 миллион теңгеден астам қаражат жиналған. Сонымен қатар, күдіктілер азаматтарды пәтерлерін төмен бағамен беруге көндіріп, кейін оларды үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Бұл мүлік "инвестициялық жарна" ретінде бағаланған. Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынып, үшіншісіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтыны нақтыланады.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "Warner Bros", "Roborock" және "NFT+TRX" қаржылық пирамидаларының қызметін тоқтатқанын жазғанбыз. Қаржылық пирамида ұйымдастырушылары салымшыларды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда алу деген сылтаумен жобаларға инвестиция салуға көндірген.