"2GIS арқылы аңдыған". Атырау облысында сталкинг бойынша алғашқы үкім шықты

Ақтоты Жапатова 27 дек. 2025 09:50

Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша — заңсыз қудалау (сталкинг) дерегімен қозғалған қылмыстық іс қаралды. Бұл бап бойынша өңірде алғаш рет сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 5 қыркүйекте айыпталушы К. жәбірленушінің үйіне келіп, кіреберіс есікті тартып, терезені қағып, содан соң қашып кеткен. Кейін әйелдің қозғалысын бақылау мақсатында 2GIS қосымшасы арқылы оның кәмелетке толмаған балаларының телефондарына “достыққа қосылу” сұраныстарын жіберіп, олардың бірінің жүрген жерін бақылаған.

Ал 19 қыркүйекте, айыпталушы мас күйінде аңдуын жалғастырып, жәбірленушінің үйіне қайта келіп, ашық тұрған аулаға кіріп, терезелерден сығалап қараған. Бұл әрекеттер жәбірленушінің еркінен тыс, күш қолданусыз жасалған.

Сот отырысында прокурор айыпталушыға 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші қатаңырақ жаза қолдануды талап етіп, моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қойды. Айыпталушы кінәсін жартылай мойындады.

Сот жәбірленушінің және куәгерлердің көрсетулерін, бейнежазбаларды және басқа да дәлелдерді негізге ала отырып, айыпталушының кінәсін толық дәлелденген деп таныды. Оның әрекеттері елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау ретінде сараланды.

Нәтижесінде сот үкімімен азамат К. 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ оған моральдық зиян үшін 400 000 теңге және өкілінің қызметтеріне кеткен шығындарды жабу үшін 200 000 теңге төлеу міндеттелді.


Рекомендовать
Последние новости