Астанада жаңа Салық кодексін түсіндіру семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кодекс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Іс-шара барысында вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы салық режимі – жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істей алатын және тыйым салынған қызмет түрлерін түсіндірді.
Рұқсат етілетін қызмет түрлер
Вице-премьердің айтуынша, рұқсат етілетін тізімде мына салалар қалады:
-
барлық бөлшек сауда (ірі форматтағы сауданы қоспағанда);
-
ауыл, орман шаруашылығы, аквакультура;
-
креативті индустрия, мәдениет, спорт;
-
техникалық қызмет көрсету, көлік және қоймалау, пошта (бизнестің көлеміне қарай сараланады);
-
жылжымайтын мүлік пен көлікті жалға беру (бизнестің деңгейіне қарай сараланады);
-
тұрмыстық қызметтер;
-
денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер (жекеменшік кабинеттер және соған ұқсас қызметтер);
-
құрылыс жұмыстары (жұмыс түріне қарай екі тізімге де кіреді);
-
тұрғын үй қызметтері: кемпингтер, қонақ үйлер;
-
қоғамдық тамақтану: мейрамханалар, дәмханалар және жалпы тамақтану орындары;
-
шаштараздар, сұлулық салондары;
-
базарлар, шағын дүкендер (оларға шектеу қойылмайды);
-
мектепке дейінгі білім беру.
"Үлкен компаниялармен жұмыс істегісі келетіндер жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшуге тиіс болады", – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда шамамен 1,33 млн бизнес субъектісі рұқсат етілген қызмет түрлеріне кіреді. Бұл – шамамен 318 ОКЭД. Министр апта соңына дейін толық тізім порталға жарияланып, кәсіпкерлерден ұсыныстар қабылданатынын айтты.
Тыйым салынатын қызмет түрлері
Ал жеңілдетілген декларацияға кірмейтін, яғни тыйым салынған қызмет салаларының қатарында:
-
өңдеу өнеркәсібі;
-
көтерме сауда;
-
2 мың шаршы метрден асатын ірі форматтағы бөлшек сауда;
-
жер қойнауын пайдалану;
-
қаржы секторы толықтай;
-
ғылыми зерттеулер;
-
көлік және қоймалау (саралауға сәйкес);
-
телекоммуникация, радио, ақпараттық технологиялар;
-
құрылыс (кейбір қызмет түрлері);
-
табиғи монополиялар субъектілері;
-
жалға беру және лизинг;
-
мемлекеттік басқару;
-
білім беру: мектептер мен ЖОО;
-
бизнеске арналған қызметтер және өзге де қызмет түрлері;
-
коммерциялық емес ұйымдар;
-
медицина;
-
балық шаруашылығы;
-
құмар ойындар.
"Бұл шамамен 790 қызмет түрін қамтиды. Бірақ оларда 500 мыңнан сәл астам кәсіпкер ғана бар. Яғни жалпы бизнес субъектілерінің 30-40 пайызы", – деп түйіндеді Жұманғарин.