2025-2027 жылдары 1 АҚШ доллары қанша болады? Сарапшылар өз болжамдарын қайта қарастырды

Кәмшат Тілеухан 22 авг. 2025 10:09

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады. Сауалнама 2025 жылы 7-13 тамыз аралығында нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер сипатындағы 13 ұйым арасында жүргізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Cауалнаманың негізгі параметрлері: Brent маркалы мұнай бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы. 

Экономикадағы өсім мен мұнай бағасы

Сауалнамаға қатысушы сарапшылар барлық болжамдық кезеңде мұнай бағасына қатысты сценарий бойынша күтілетін ахуалды жақсарту тұрғысында қайта қарады.

  • 2025 жылға Brent маркалы мұнайдың медианалық бағасы 1 баррель үшін 68,9-дан 69,5 АҚШ долларына дейін көтерілді.
  • 2026 және 2027 жылдары да бағалар бір баррель үшін 69,5 АҚШ доллары деңгейінде тұрақтанады деп күтіледі (бұрынғы болжам 2025 жылы 69,0 және 2026-2027 жылдары 68,5 АҚШ доллары деңгейінде болған).

Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдар 2025 жылға 5,1%-дан 5,2%-ға дейін, 2026 жылға 4,6%-дан 4,7%-ға дейін жоғары қарай қайта қаралды. 2027 жылға экономикалық өсім 4,4% деңгейінде болады деп күтіледі.

Инфляция және базалық мөлшерлеме

Сауалнамаға қатысушылардың 2025–2026 жылдарға арналған инфляциялық күтулері жоғары бағытқа қарай ығыса түсті.

  • 2025 жылы инфляция 11,3% деңгейінде (бұрын – 11,0%),
  • 2026 жылы 9,5% (бұрын — 9,0%) болады деп болжанады.
  • 2027 жылы инфляциялық қысымның азаюына байланысты болжам 7,0%-дан 6,5%-ға дейін төмендетілді.

Базалық мөлшерлеме бойынша медианалық мәндер 2025 жылдың соңына дейін 16,5% деңгейінде сақталады. 2026 жылға бұл көрсеткіш 14,0%-дан 14,3%-ға дейін қайта қаралды. 2027 жылы инфляциялық қысымның бәсеңдеуіне байланысты мөлшерлеме 11,8%-дан 11,3%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.

Валюта нарығы

Атап айтқанда, валюта нарығындағы құбылмалылық болжамды бағам бойынша күтілетін ауан деңгейін тағы да жоғарыға ығыстырды. 

  • 2025 жылғы болжамның медианалық мәні бойынша 1 АҚШ доллары 515,1 теңгеден 522,8 теңгеге дейін, 2026 жылы 538 теңгеден 541,5 теңгеге дейін артты.
  • 2027 жылы күтілетін 1 АҚШ долларының бағамы 562,5 теңгеге дейін көтерілді (бұрын 555,8 теңге).

Бұған дейін сайтымызда "Жеке инвесторлар ынтасының жойылуы экономикадағы тұрақты кедергілерді көрсетеді - сарапшы" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости