10 жастағы тәжік баланың қазасы: қазақстандықтар Тәжікстан елшілігіне гүл шоқтарын қойып жатыр

Қаракөз Амантай 19 дек. 2025 09:27

Қазақстандықтар Астанадағы Тәжікстан елшілігіне гүл шоқтары мен балалар ойыншықтарын әкеліп, ұлтаралық өшпенділік салдарынан қаза тапқан 10 жастағы Қобилджон Әлиевтің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан тұрғындары осылайша марқұм баланың жақындарына қолдау білдіріп, оның рухына тағзым етуді жөн көрген.

Newtimes.kz сөзінше, игі бастама әлеуметтік желілерде пайда болған. Пайдаланушылар Threads платформасы арқылы елшілікке бірге баруға уағдаласқан. Осы үндеуі бар жазба шамамен 10 мыңға жуық лүпіл жинаған.

"Бала қаза тапты. Анасы жалғыз қалды. Бұл – өте қорқынышты жағдай. Threads-тің күшіне сенемін. Тәжікстан елшілігінің алдына барып, баланың рухына тағзым етейік. Репост жасауларыңызды сұраймын", – деп жазды mirazhaxylyk атты қолданушы.

Елшілік қызметкерлері жиналғандарға кедергі келтірмей, жағдайды сырттай бақылап отыр. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция кезекшілік атқаруда.

Айта кетейік, кеше Тәжікстанда Подмосковьедегі мектепте жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқан 10 жастағы Кобилджонды жерлеу рәсімі өтті.

Еске салайық,16 желтоқсан күні Мәскеу облысында қайғылы оқиға себеп болды. Онда мектеп оқушысы пышақпен тәжік отбасынан шыққан 10 жастағы Кобилджонға шабуыл жасаған. Қанды оқиға салдарынан Кобилджон көз жұмып, мектеп күзетшісі ауыр жарақат алған.

Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны ұлтаралық өшпенділік негізінде жасалған қылмыс деп бағалап, істі жан-жақты тергеуге және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды.


Рекомендовать
Последние новости