Қанды қаңтарда әркетсіздік танытқан экс-қорғаныс министрі 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Dalanews 15 мам. 2022 15:44 243

Үстіміздегі жылдың 22 ақпаннан бері қамауда отырған бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«2022 жылдың 19 ақпанынан бастап аталған адамға қатысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп келеді, күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша қарастырылуда» деп хабарлады Бас прокуратура.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмағанын айтқан.

– Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық, – деді Тоқаев.


Айта кетейік, бұл бапқа сәйкес әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады. Сондай-ақ, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын арқалайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x