Балалық шақтағы сағыныш

Dalanews 27 мам. 2018 04:36 286

Мектеп – адам өмірінің біліммен сусындап, қанатын алыстарға сермейтін алтын ұясы іспетті. Онда өткен әрбір жыл санаға мәңгілік жатталып, шәкірттің болашағын қалыптастырады. Менің де мектеп табалдырығын тәмамдап, алысқа құлаш ұрып, биік мақсаттарға, асу-белестерге ұмтылғаныма биыл 50 жыл толыпты.

«Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шарасы жақындаған сайын жүрегім біртүрлі толқып, көңілім алабұртқанын қалай жасырамын. Себебі,  халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл бар емес пе?! Оның астарында осы уақыт аралығы талай толқындар мен өзгерістердің орын алып, ұрпақ ауысады деген мағынаны білдірсе керек. Балқаш ауданы Бақ-бақты ауылы Жамбыл атындағы №1 орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат депутаты  Хамзина Бибігүл Мұхамедиқызы менің сыныптастарымды, мектепті 40, 30, 20, 10 жыл бұрын тәмамдаған түлектерді шақырып, сыйлады. Осы арқылы өзінің көреген басшы екенін көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші көрсетілген ілтипатқа риясыз ризашылығым, айтар алғысым шексіз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының аясында атқарылған бұл еңбегі баршамызға естен кетпес сәттерді сыйлады. Әрине, туған жер дүние жүзінің қай түкпірінде өмір сүрсең де, еріксіз өзіне қарай тартатын күшке ие екенін бәріміз білеміз. Біз сыныптастарымызбен арада қанша жыл өтсе де, өзара араласып, сыйластығымызды, ынтымағымызды ешқашан жоғалтқан емеспіз. Осынау достық сезімді жүрегімізге ұялатқан  алтын ұя – мектебімізді де ұмытпаймыз.

Бүгінде мектебіміз гүлденіп, ондағы оқушылардың 80 пайызы әртүрлі ғылыми және интеллектуалдық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Ол әрине, ұстаздардың арқасы деп білемін. Себебі, мұнда қызмет етіп жүрген мұғалімдер республикалық көптеген кәсіби байқаулардың жүлдегерлері. Алыста жүрсек те, осындай маңызды жаңалықтардан әрдайым құлағдар болып отырамыз. Жақсылығына марқаямыз.

1968 жылы түлеп ұшқан менің сыныптастарымды жақсы қарсы алған мектеп басшылығына тәнтімін. Есте қаларлық жиын, көктемнің күміс көмей соңғы қоңырауының ұмытылмас сәті болды. Мектеп ұстаздары мен шәкірттері «Сағыныш екен бала кез» атты әдеби-сазды кеш қойып берді. «Алғашқы ұстазыңыз кім?» сияқты өткен шақты еске түсіретұғын викториналық қызықты сұрақтар бал-бала кездегі бейнемізді көз алдымызға келтіріп, балалық шақтың дәмін қайта сезіндірді. Кештен кейін түлектерге дастархан жайылып арнайы құрмет көрсетілді. Мұның өзі іскер басшы Хамзина Бибігүл Мұхамедиқызының бізге көрсетілген зор ықыласы, қызметін шын сүйе білетінін дәлелдеді.

Бүгінде менің сыныптастарымның көпшілігі еңбек демалысында. Әрқайсысы өз өмір жолдарын тауып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет еткен азаматтар. Отбасында аяулы ата, ардақты әже атанып отырған асыл жандар. «Батаменен ел көгерер» демекші, мектеп ұжымына және басшылығына барлық сыныптастарымның атынан қажымас қайрат, ортаймас бақыт тілеймін. Әрдайым еңбектеріңіз жанып, тек қана биіктерден ғана көрініңіздер, айналайындар! «Өсірген жемістеріңіз» – шәкірттеріңіз берген білімдеріңізбен көгерсін!

Кішімбала Нүсіпбекова,

 Балқаш ауданы, Бақ-бақты ауылы

№1 Жамбыл атындағы орта мектептің

1968 жылғы түлектері атынан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x