Қырымнан айырылудың бір себебі

Dalanews 10 нау. 2018 14:46 284

Грузия мен Украинада түрлі түсті ревалюция орын алған тұста Батыс елдері «Ресей Қырымды басып алады» деп күдіктенген ғой. Бірақ сол кезде АҚШ-тың әскерилері мұның орын алуы мүмкін емес екенін айтып, бейғамдық танытыпты.



Сонда АҚШ-тың әскерилері қандай дәлелге сүйеніп, ұзын арқан кең, тұсауға салынғанын білесіз бе? Білмесеңіз айтайын. Пентагон өкілдері орыстардың Қырымға әскери басқыншылық жасауына Қырымда олар әскери дала медициналық нысандарын салып үлгере алмайтынын айтып, мұндай жағдайда әскери іс-қимылды жүргізу мүмкін емес екенін алға тартыпты.

Сонымен қатар американдықтар егер Украинаға қарсы әскери басқыншылық басталса, Қырымда тұрған Украин сарбаздары қолына қару алып, мемлекеттің территориялық тұтастығы үшін жан аямай күресетіне де сенімді болғаны анық.

Иә, бізде қарапайым украин сарбаздарының елжандылығын күмән келтірмейміз. Бірақ 2014 жылы Қырымда мұздай қаруланған «жасыл адамдар» пайда болғанда украин әскерлері қолдарындағы қаруын сығымдай ұстап, басқыншыларға тойтарыс беру үшін жоғарыда бұйрық күтіп отырғанын да білеміз.

Бірақ сол кездегі А.Турчинов бастаған Украинаның солқылдақ биілігі Ресеймен арадағы қарулы қақтығысты ушығып кетуінен қауіптеніп, әскериелерге басқыншыларға тойтарыс беруге ешқандай бұйрық бермегені белгілі. Енді сол үшін өкініп, саусақтарын шайнап отыр. Иә, мұндай жағдайда билік басында маңызды саяси шешімді қабылдайтын адамның болуы керек екенін түсінесің.

Осы ретте украин билігіне қарсы сын айтайын деген ойымыз жоқ. Біздің айтпағымыз американдық соғыс жағдайында да сарбаздарының жағдайын ойлап, олар үшін соғыс өрті тұтанған аумаққа жақын жерде жараланған әскерилерге медициналық қызмет көрсететін дала госпиталдарының болуы керек деп өздеріндегі адамға деген құрметті Ресей де сақтайды деп «жаман» ойламағанын сынауға бола ма? Әрине, сынай алмайсың. Бірақ орыстар айласын асырып, аз ғана уақытта Қырымды анекциялап алды.

Кейбіреулер үшін осы бір жайт Ресейдің Қырымды жауалап алуында соншалықты маңызды роль атқаратын оқиға болмауы да мүмкін. Бірақ осы бір қарапайым оқиғадан Америка адам құқығы қандай жағдай болса да, аяққа таптамайтынын байқайсың. Мейлі, ол соғыс жағдайында болсын, АҚШ әскері белгіленген тәртіпке сай әрекет етеді.

Ал Ресей болса, Қырымға диверсиялық топтарын жіберіп, жергілікті билік орындарының ғимараттарын басып алып, заматта референдум ұйымдастырып, Қырымды өзіне қаратып алды.

Украин сарапшылары Ресей әскері мен әскери техникаларының белгілерін алып тастап, Донбас пен Луганскіге әскерін кіргізгенін талай рет айтты. Бірақ ресми Кремль мұны еш уақытта мойындаған емес.

Дегенмен, 2014 жылдан бері соғыс кезінде орыстардың талай сарбазы қыршын кетті. АҚШ әскерилері Ресей соғысқа кірген жағдайда өз сарбаздарының жағдайын қалай ойлайтынын Донбас пен Луганскдегі соғыс барысында көз жеткізген шығар. Ресейдің әскері «дедовщинаға» құрылған армия. Бір-біріне әлемжеттік көрсетуді сәнге айналдырған мұндай әскермен алысқа бара алмайсың. Қазақ әскері де кеңестік жүйедегі Қызыл армияның мирасқоры болғандықтан, әскердегі әлемжеттік біз үшін де таңсық емес.

Сарбаздардың бірін-бірі ұрып, соғуы әлі де болса, бар. Арыстай азаматын Отан қорғау үшін әскерге аттандырып, артынан қаншама ана аңырап қалды десеңізші. Бұл, әрине, бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, қазақ әскері  «дедовщинаға» құрылған Қызыл армияның сарқыншағынан толықтай құтылып, Қарулы күштерді НАТО-ға мүше елдердің талап-тілектеріне сай қайта құрылымдау маңызды деп есептейміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x