Құл-Мұхаммедтің інісі не былықтырып жүр?

Dalanews 27 ақп. 2018 04:53 341

Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Ақтөбедегі судья інісі үлкен дауға қалды. Ақтөбелік судьялар бастықтарынан бір жарым жыл бойы қорлық көргендерін жайып салды.

Облыстық сот төрағасы Мұратғали Әкетайдың ерсі қылықтарын жіпке тізіп, шағымдарын Елордадағы Жақып Асановқа жолдаған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жоғарғы сот төрағасына жеткен арызға қос бірдей алқа басшылары мен облыстық соттың жеті судьясы қол қойыпты. Онда Мұратғали Әкетайдың  қарамағындағыларды балағаттап, ауызына келгенін айтатыны жазылған.

Тіпті,
төраға ақтөбелік әйелдерді жезөкшеге теңейді делінген.

Сондай-ақ, Мұратғали Әкетай жоғарғы лауазымды таныстарын атап, қарамағындағы судьяларға сес көрсетіп қана қоймай, қорқытып-үркітетін көрінеді. Жиналыста әулетінің байлығының жетіп артылатынын айтуды да ұмытпайды екен.
Айта кетелік, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетайдың туған ағасы –  «Нұр-Отан» партиясының бірінші орынбасары қызметін атқарған сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Қазір арызға қатысты жазған судьялар да, сот төрағасы да мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Ал Жоғарғы соттағылар осы шағымға байланысты тексеруді бастап кеткен.

«Ақтөбе облыстық сотының бірқатар судьяларының Жоғарғы Сот төрағасына жолдаған арызы әлеуметтік желі арқылы таралып кетті. Қазіргі күні бұл мәселені Жоғарғы сотта тексеріп жатырмыз», – дейді ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Болат Кальянбеков.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x