Шымкенттен «Достық керуені» Өзбекстанға бет алды

Dalanews 03 мам. 2017 04:03 311

Оңтүстік Қазақстан облысынан «Достық керуені» Өзбекстан Республикасына жолға шықты. Бұл іссапар Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёевтің наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылып отыр.


Меморандумда қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастық, екі ел халықтарының жақындасуына, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру жоспарланған болатын.


«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты алдынан жолға шыққан керуенді шығарып салу рәсімінде облыстық «Қоғамдық келісім» МКК басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов  сөз сөйлеп, бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қолдау әрі, екі бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.


Өзбекстанға бет алған 50 ақсақал 2-6 мамыр аралығында Ташкенттегі Төле би бабамыздың мазаратына зиярат етіп, әрі қарай Самарқандтағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенесімен таныспақ.


Сонымен қатар, «Достық керуенінің» мүшелері Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарында болып, сол елдің азаматтарымен кездесулер жоспарлануда.


 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x