Ресей президенті мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы да Өзбекстанға барады

Dalanews 02 қыр. 2016 09:42 186

Самарқандқа Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри ұшып барады.

Бұл туралы UzMetronom.com сайтына сілтеме жасаған kaz.365info.kz хабарлады.

Сенімді дереккөздің келтірген мәліметінше, 3-қыркүйекте Қытайдағы G20 саммитіне барар жолда Ресей президенті Владимир Путин Самарқандқа соғып кетпекші. Біздің мәлімет бойынша, Үндістаннан жол тартқан АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри де орта жолдан Самарқанд қаласына ат басын тіремекші.

Алдында Қазақстан президенті сенбі күні Өзбекстанға баратындығы айтылған. Бірақ Ақорда бұл мәліметті жоққа шығарған болатын.
Еске сала кетелік, бүгін Өзбекстан үкіметі Кәрімовтің ауыр халде жатқанын хабарлаған болатын.

1-қыркүйекте «Фергана» ақпарат агенттігі Ислам Кәрімовті жерлеуге дайындалып жатқандығы туралы хабар таратқан. Басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, өзбек басшысы туған қаласы Самарқандта жерленеді-мыс. Кәрімовтің қазасы туралы жұма күні, яғни 2-қыркүйекте ресми түрде жарияланбақ. Ал жерлеу рәсімі 3-қыркүйекте өтеді.

Ислам Кәрімов екі ағасы мен анасы жерленген Самарқанд қаласындағы бейітке апарып жерленеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x