Ауыл шаруашылығы жерлерінің тек 1,3 пайызы жалға берілген – Ерлан Нысанбаев

Dalanews 18 мау. 2016 04:27 462

Елімізде ауыл шаруашылығына берілген жерлердің тек 1,3 млн гектары немесе 1,3 пайызы жалға берілген. Бұл туралы Алматы облысының жұртшылығымен өтiп жатқан кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Қазақстанда жалпы жердің көлемі 272, 5 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 24, 3 млн гектар егістік, 2 млн 100 мың гектар шабындық, 68,4 млн гектар жайылым бар. Бүгінгі күні 99, 5 млн гектар немесе 98,7 пайыз жер ұзақ мерзімге жалға берілген. Оның 1,3 млн гектары немесе 1,3 пайызы ғана ауыл шаруашылығына тиесілі. Елімізде запастағы жердің көлемі – 100, 1 млн гектар, оның ішінде 83,2 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары, бұл жерлер нарықтық айналымға тартылмаған», - деді вице-министр.

Ерлан Нысанбаев жер реформаларының тарихына да тоқтала кетті. Оның айтуынша, жер шетелдіктерге 1990 жылдан бастап жалға беріліп келеді.

«1995-2011 жылдар аралығында Қазақстан азаматтарына және шетелдіктерге қысқа мерзімге 3 жылға, ұзақ мерзімге 99 жылға дейін жалға беріліп келді. 2011 жылы Қазақстан азаматтарына қысқа мерзімге 5 жылға дейін, ұзақ мерзімге 49 жылға дейін жалға беру енгізілді. Ал шетелдіктер үшін 10 жылға дейін қысқартылды. 2003 жылы Жер кодексі қабылданып, ол қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке алу құқығын белгіледі», - деп толықтырды ол.

«2011 жылдан бастап шетелдіктер үшін – жарғылық капиталында үлесі 50 пайыздан жоғары заңды тұлғаларға 10 жылға дейінгі мерзімге жалдау құқығы белгіленді және талаптары күшейтілді. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап инвестиция тарту мақсатында шетелдіктерге жерді жалға беру мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды», - деп түйіндеді Е.Нысанбаев.

 

Дереккөзі: BNews.kz

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x