Жыл басынан бері Қазақстан шекарасында 2,4 мыңнан астам заңсыз жанармай тасымалдау дерегі анықталды

Жыл басынан бері Қазақстан шекарасында 2,4 мыңнан астам заңсыз жанармай тасымалдау дерегі анықталды
Фото: ҰҚК

2026 жылдың басынан бері Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) заңсыз алып өтуге қатысты 2,4 мыңнан астам әрекеттің жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, шекарашылар мұнай өнімдерін ел аумағынан заңсыз шығаруға жол бермеу бағытында тұрақты бақылау жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері бензин, дизель отыны, керосин және өзге де мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 2400-ден астам фактісі тіркелген.

Тәркіленген жанар-жағармайдың жалпы көлемі 300 тоннадан асқан. Ал оның алдын ала есептелген құны шамамен 60 миллион теңгені құрайды.

ҰҚК мәліметінше, заң бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.