Қазақстанда жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларынан 212 адам жарақат алды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мұндай құқық бұзушыларға қатысты жазаны жеңілдетуге немесе жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқартуға қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселе Мәжілісте әкімшілік және қылмыстық рақымшылық туралы заң жобасын талқылау барысында көтерілді. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, мас жүргізушілердің қатысуымен болатын жол апаттары әлі де күрделі мәселе болып қалып отыр.
«Тек биылғы бес айдың ішінде мас жүргізушілердің кінәсінен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, 212 адам түрлі дене жарақатын алды», - деді Әділов.
Оның мәліметінше, өткен жылы елімізде мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің қатысуымен 673 жол апаты болған. Апаттар салдарынан 56 адам көз жұмған, олардың арасында бір бала бар.
Министр орынбасары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде ведомствоның ұстанымы өзгермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік жүргізу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және ауыр зардаптарға әкелетін жол апаттарының негізгі себептерінің бірі саналады.
«Ішкі істер министрлігінің ұстанымы өзгермейді және біржақты. Бұл мәселеде қандай да бір жеңілдік жасауға болмайды», - деді ол.
Әділовтің сөзінше, қазіргі таңда министрлік жолдағы қауіпсіздікті күшейту және мас күйінде көлік басқаруға қатысты «нөлдік төзімділік» қағидатын ұстанып отыр. Сондықтан мұндай құқық бұзушылық үшін белгіленген жауапкершілікті жеңілдету мәселесі қарастырылмайды.
«Алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік құралын басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіреді әрі ауыр салдарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі болып табылады. Осы бағыттағы жұмысымыз мас күйінде көлік жүргізуге қатысты нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп түйіндеді министрдің орынбасары.