Жүргізушіге ескерту жасаған: Ақтөбеде ер адамды ұрлап кеткендер ұсталды

Жүргізушіге ескерту жасаған: Ақтөбеде ер адамды ұрлап кеткендер ұсталды
Фото: видеодан скрин

Ақтөбеде жолдағы жанжал адам ұрлау дерегімен аяқталды. Бір топ азамат ер адамды күштеп Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен. Күдіктілер ұсталып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, "102" арнасына бірнеше адамның ер азаматты күштеп көліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға сәті сол маңнан өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркеуішіне түсіп қалған. Бұл жазба полицияға күдіктілерді анықтауға және оқиғаның мән-жайын жедел анықтауға мүмкіндік берген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында арнайы мақсаттағы жасақтың қолдауымен күдіктілер мінген көлік тоқтатылып, ішіндегі адамдар ұсталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға жол үстінде болған жанжал себеп болған. Жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан ер адам жүргізушіге ескерту жасағаннан кейін олардың арасында сөзге келіспеушілік туған.

Полицияның мәліметінше, кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына барып, оны күткен. Ер адам таксимен шыққан сәтте олар көлікпен жолын бөгеп, таксиді тоқтатқан. Осыдан кейін жәбірленушіні күштеп көліктен шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып алып кеткен.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша адам ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жалғасуда.