ЖСДП Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасын ұсынып, кандидаттар тізімін бекітті

ЖСДП Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасын ұсынып, кандидаттар тізімін бекітті
baq.kz

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV съезі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

 партияның (ЖСДП) кезектен тыс XXV съезі өтті. Жиында партия делегаттары алдағы Құрылтай сайлауына арналған сайлауалды бағдарламаны қабылдап, сайлауға қатысатын партиялық кандидаттар тізімін бекітті.

Съезд барысында ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын таныстырды. «Прогреске бастар 20 шың» деп аталған құжат елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қатысты негізгі басымдықтарды қамтиды.

Бағдарлама төрт негізгі бағыттан тұрады. Атап айтқанда, әділетті мемлекет қалыптастыру, адам мүддесіне қызмет ететін экономиканы дамыту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және Қазақстанды цифрлық дәуірдің талаптарына бейімдеу мәселелеріне басымдық берілген. Сонымен қатар құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлерді дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғырту, әлеуметтік қорғауды күшейту, экологиялық қауіпсіздік пен цифрландыру бағытындағы бастамалар көрініс тапқан.

Партия төрағасы бағдарламаның басты мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканың тұрақты өсіміне жағдай жасау екенін айтты. Оның сөзінше, құжатта ұсынылған бастамалар азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты мәселелерді шешуге бағытталған.

Съезд қорытындысы бойынша делегаттар Құрылтай сайлауына қатысатын 33 кандидаттан тұратын партиялық тізімді бекітті. Оның құрамына партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының өкілдері, VIII сайланған Мәжілістің төрт депутаты, қоғамдық белсенділер, жастар және әйелдер қанатының мүшелері енгізілді. Кандидаттардың 10-ы – әйелдер.

Партия басшылығының мәліметінше, тізім өңірлік өкілдік, кәсіби тәжірибе және гендерлік теңгерім қағидаттарын ескере отырып жасақталған. ЖСДП бұл құрам қоғамның түрлі әлеуметтік топтарының мүддесін білдіруге мүмкіндік береді деп есептейді.

Съезд барысында делегаттар партияның жаңартылған саяси кеңесінің құрамын да бекітті. Оның құрамына 26 адам енді.

Жиын соңында Асхат Рахимжанов ЖСДП алдағы Құрылтай сайлауында елеулі нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, партия сайлау қорытындысы бойынша кемінде 10 пайыз дауыс жинауға ниетті. Сонымен қатар ол ЖСДП басқа партиялардың өкілдерін немесе танымал бірмандатты кандидаттарды өз қатарына тартуды жоспарламайтынын, партияның өз кадрларына сенім артатынын жеткізді.

Осылайша, ЖСДП кезектен тыс XXV съезінде алдағы сайлау науқанына арналған негізгі саяси құжаттарын бекітіп, Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар құрамын ресми түрде жариялады.