Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит қорытындыларын қарады

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит қорытындыларын қарады
gov.kz

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит органдары жұмысының қорытындыларын қарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Отырыста мемлекеттік аудит органдарының 2025 жылғы қызметінің нәтижелері қаралды. Негізгі мәселелер мен кемшіліктер талқыланды.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Рахымжан Ділдәевтің мәліметінше, 20 тексеру комиссиясының ішінен 16 комиссияның қызметі тиімді деп бағаланған. Бұл бағытта жалпы оң динамика байқалады: 2023-2025 жылдары жоғары баға алған тексеру комиссияларының саны 11-ден 16-ға, яғни 55%-дан 80%-ға дейін өскен.

Аудит объектілерінің бекітілген тізбеден ауытқу үлесі 2023 жылғы 8,2%-дан 2025 жылы 4,8%-ға дейін біртіндеп төмендеген. Бұл аудиторлық іс-шараларды жоспарлау сапасы артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, отырыста өткен жылдың бағалау қорытындысы бойынша рейтингте соңғы орындарды иеленген Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарының тексеру комиссиялары басшыларының баяндамалары тыңдалған. Әлихан Смайылов артта қалған тексеру комиссияларын бақылау күшейтілетінін атап өтті. Осы мақсатта 19 маусымда рәсімдік стандартқа тиісті өзгерістер енгізілген.

"Тексеру комиссиясы Жоғары аудиторлық палата жүргізетін бағалау рейтингінде қатарынан үш жыл бойы соңғы үштікке енсе, тиісті мәслихатқа шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі", - деді төраға.