ЖИ жасаған карта АҚШ-ты ұятқа қалдырды: Африканың бірде-бір елін дұрыс көрсете алмады

ЖИ жасаған карта АҚШ-ты ұятқа қалдырды: Африканың бірде-бір елін дұрыс көрсете алмады
pixabay.com

АҚШ Мемлекеттік департаменті халықаралық конференцияда Африка картасын өрескел қателермен ұсынып, сынның астында қалды, деп хабарлайды Dala News.

Оқиға Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен AIDS 2026 халықаралық конференциясында болған. АҚШ Мемлекеттік департаментінің таныстырылымында көрсетілген Африка картасында белгіленген бірде-бір мемлекет өз орнында көрсетілмегені анықталды.

Мәселен, Нигерия Сахара шөлінің ортасында орналасқан теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде бейнеленсе, Мозамбик Африканың шығысындағы Мүйіс өңіріне «көшірілген». Ал Кот-д’Ивуар Батыс Африканың орнына құрлықтың шығыс жағынан бір-ақ шыққан. Камерун атауы картада болғанымен, елдің өзі мүлде көрсетілмеген.

Желі қолданушылары слайдтағы OpenAI белгісіне назар аударып, картаның жасанды интеллект көмегімен дайындалғанын айтты. Кейін бұл ақпаратты Reuters те растады.

АҚШ Мемлекеттік департаменті кейіннен қателікті мойындап, оған конференция басталар алдында таныстырылымды асығыс өңдеген қызметкер себеп болғанын мәлімдеді.

«Бұл – өкінішті қателік. Біз қатысушылардан, әсіресе африкалық серіктестерімізден кешірім сұраймыз және толық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз», – деді ведомство өкілі.

Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік АҚШ дипломатиялық мекемесінің мұндай қарапайым географиялық қатеге жол беруін кәсібилікке нұқсан келтіретін жағдай деп бағалады. Сонымен қатар бұл жағдай ресми құжаттар мен презентацияларды дайындауда жасанды интеллектіні пайдаланған кезде адам тарапынан мұқият тексерудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.