ЖИ дәуірі: Қазақстанда қай мамандықтар жойылып, қайсысына сұраныс артады?

ЖИ дәуірі: Қазақстанда қай мамандықтар жойылып, қайсысына сұраныс артады?
Фото: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға дейін жасанды интеллект Қазақстанда небәрі 14 мамандықты толық автоматтандыра алады. Ал 500-ден астам мамандық түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Қазірдің өзінде зерттеулерге сәйкес, мамандықтардың 53%-ында жекелеген еңбек функцияларын автоматтандыруға болады, ал қызметкерлердің шамамен 70%-ы ЖИ-ді пайдалану арқылы еңбек өнімділігін арттыра алады.

Қазақстандағы еңбек нарығы қалай өзгеріп жатыр және жасанды интеллект жұмыс берушілердің талаптарын қалай трансформациялап жатыр? Бұл туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, HR және мемлекеттік қызмет саласының маманы Асқар Есімсейітов айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары цифрландыру еңбек нарығына айтарлықтай ықпал етті. Бұрын күнделікті орындалатын көптеген қызмет, банк операциялары, билет сатып алу, мемлекеттік қызметтерді алу, құжат айналымы – толықтай электронды форматқа көшкен.

"Өте қарапайым мысал келтірейін. Астанада ақылы лифтілері бар тұрғын үйлер бар. Бұрын тұрғындар лифтіні пайдалану үшін арнайы карта немесе брелок қолданатын, ал оның балансын толықтыру үшін арнайы қызмет көрсету орындарына барып, операторларға жүгінетін. Ол жерде қызметкерлер картаны қолмен толықтырып отыратын. Қазір мұның бәрін банк қосымшасы арқылы бірнеше секундта жасауға болады. Қарапайым ғана өзгеріс сияқты көрінгенімен, осындай цифрлық шешімнің арқасында тұтас бір операцияға және сол жұмысты атқаратын қызметкерлерге деген қажеттілік жойылады.

Әңгіме кассирлер, банк операционистері, деректерді енгізу мамандары, әкімшілік персоналдың бір бөлігі және байланыс орталықтарының алғашқы желісіндегі қызметкерлер туралы болып отыр. Қазірдің өзінде жасанды интеллект клиенттердің стандартты сұрақтарына жауап бере алады, құжаттарды талдайды, хаттардың жобасын әзірлейді және көптеген қайталанатын жұмыстарды адамға қарағанда әлдеқайда жылдам орындайды", – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, кез келген технологиялық революция бір жағынан кейбір жұмыс орындарын қысқартса, екінші жағынан жаңаларын қалыптастырады. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай әлемде шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылады, ал 92 миллионға жуық жұмыс орны технологиялық өзгерістердің әсерінен жойылады. Алайда жаңа жұмыс орындары әрдайым қысқарған орындардың орнын толық баса алмайды, өйткені олар мүлде басқа біліктілікті талап етеді.

"Бұрын белгілі бір жұмысты атқару үшін он қызметкер қажет болса, автоматтандырудан кейін компанияға көбіне жүйенің жұмысын бақылайтын бір маман мен оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бір IT-маман жеткілікті болады", - дейді Асқар Есімсейітов.

Сонымен қатар сарапшының пікірінше, барлығы жаппай бағдарламашы болуға ұмтылмауы керек. Керісінше, өз саласын терең меңгерген әрі жасанды интеллектіні жұмыс құралы ретінде тиімді пайдалана алатын бухгалтер, заңгер, HR-маман, маркетолог немесе менеджер әлдеқайда құнды болады.

Бүгінде көптеген мамандықтың мазмұны өзгеріп келеді. Бухгалтер біртіндеп қаржылай талдаушының рөлін атқарса, HR-маман кадрларды іріктеу мен бағалаудың цифрлық жүйелерін меңгерген кәсіби маманға айналуда. Заңгерлер жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын деңгейге көтерілсе, дизайнерлер әр элементті қолмен жасаудан гөрі жобаның тұжырымдамасы мен соңғы визуалдық нәтижесін басқаруға көбірек көңіл бөле бастады.

"Инженерлерге, энергетиктерге, құрылысшыларға, логистика, көлік және электронды коммерция саласының мамандарына, сондай-ақ білікті жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары болып қала береді. Қалаларды дамыту, инфрақұрылым салу, өнеркәсіпті өркендету, логистикалық орталықтар мен маркетплейстердің жұмысын тек кеңсе қызметкерлері немесе жасанды интеллект арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес.

Сондай-ақ адамның тікелей қарым-қатынасы шешуші рөл атқаратын мамандықтар да өз маңызын жоғалтпайды. Олар – дәрігерлер, мұғалімдер, психологтар, күтім көрсету саласының мамандары және әлеуметтік қызметкерлер. Жалпы алғанда, кәсіби біліктілікті, цифрлық сауаттылықты және адамдармен жұмыс істеу қабілетін қатар меңгерген мамандардың мүмкіндігі жоғары болады", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, сату және клиенттермен жұмыс істеу саласындағы мамандарға деген сұраныс та сақталады. Жасанды интеллект стандартты кеңестер беру мен хат алмасуды өз мойнына алғанымен, күрделі келіссөздер жүргізу, клиенттің сеніміне кіру және оны ұзақ мерзімге сақтап қалу әлі де адамның еншісінде болады.

"Қазіргі өзгерістер әсіресе адам ресурстарын басқару саласында анық байқалады. Жасанды интеллект бірнеше минуттың ішінде бос жұмыс орнының сипаттамасын дайындай алады, жүздеген түйіндемені өңдеп, үміткерлерге бастапқы іріктеу жүргізеді, сұхбатқа арналған сұрақтарды әзірлейді және басқа да қайталанатын міндеттерді орындайды.

Соңғы жылдары “үлкен төрттікке” кіретін PwC, Deloitte, EY және KPMG компаниялары өз командаларын қайта құрып, жасанды интеллектіге белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Мысалы, 2025 жылы PwC АҚШ-та шамамен 1 500 қызметкерін қысқартты.

Қазір мықты бір HR-маман бұрын тұтас бір команда атқарған жұмыстың едәуір бөлігін орындай алады. Болашақта кадрларды іріктеудің бастапқы әрі қайталанатын кезеңдерінің басым бөлігін жасанды интеллект атқарады. Ал адамның компанияға қаншалықты сәйкес келетіні, ұжымға бейімделуі, сенімге лайық болуы және даму әлеуеті сияқты түпкілікті шешімдерді қабылдау әзірге адамның құзырында қалады", - дейді Асқар Есімсейітов.

Сарапшының пікірінше, бүгінгі күні ең маңызды қабілеттердің қатарында жаңа технологияларды тез меңгеру, аналитикалық ойлау, тиімді коммуникация, өзгерістерге бейімделу және өмір бойы білім алуға дайын болу тұр.

"Бұл маған әсер етпейді" деп ойлау – үлкен қателік. Оның ықпалы қазірдің өзінде бәріне сезіліп жатыр. Біреуге қаттырақ әсер етсе, енді біреуге әзірге байқалмайтын шығар. Қазірдің өзінде цифрландыру кеңсе жұмысын, сауданы, банк секторын, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін, мемлекеттік қызметтерді және өндірісті түбегейлі өзгертіп жатыр. Ал жасанды интеллект пен робототехниканың дамуы бұл үдерісті одан әрі жеделдетеді. Технологиялар алдағы уақытта тек интеллектуалдық емес, физикалық еңбектің де бір бөлігін өз мойнына алады.

Сондықтан әр адам өзіне үнемі: “Менің жұмысымның қай бөлігін бүгіннің өзінде автоматтандыруға болады және бірнеше жылдан кейін де сұранысқа ие болу үшін қандай жаңа дағдыларды меңгеруім керек?” деген сұрақты қойып отырғаны дұрыс", - деп түйіндеді Асқар Есімсейітов.