Зейнолла Самашев: «Алтын Орда империясы – біздің мемлекеттігіміздің қайнар көзі»

Dalanews 30 қаз. 2021 08:26 1239

Кеше ғана Атырауда Қазақ хандығының ізашары саналатын Алтын Ордаға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара барысында еліміздің әр өңірінен, тіпті шетелдің ең мықты ғалымдары терең тарихтың жаршысы болған көне Сарайшық қаласында болып, тарихқа шолу жасап қайтты. Осыған орай, біз Алатау баурайында жүрсе де, бүгінгі Сарайшықтың айшықталып, зерттелуіне үлес қосқан тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашевқа бірнеше сауал жолдағанбыз.

 

– Зейнолла Самашұлы, сіз Сарайшықты зерттеумен айналыстыңыз. Бұған не түрткі болып еді? Әлде біреу сол тақырыпқа бағыттады ма?

– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында тарихи-мәдени ескерткіштердің жинақтарын құрастыру мақсатында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізгенбіз. Сол кезде Атырау облысына да көңіл бөле бастадық. Ол уақытта мәскеулік археология экспедициясы да жұмыс істеді. Олардың әрекеттеріне бақылау жасап, бірігіп іс атқару мәселелері туындайтын. Ғылыми есептері, тапсырған заттарының саны мен сапасы туралы әңгімелер шыға бастады.

Тіпті, кейбір құнды материалдарды Мәскеуге алып кеткендері белгілі бола бастаған соң, өзімізде арнаулы экспедиция жасақтау қажеттілігі туындады. Сөйтіп, жалпы батыс өңіріндегі археологиялық ескерткіштерді жүйелі түрде зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осы кезде батыс өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштеріне өзімнің де қызығушылығым оянып , оларды ашып, құжаттандыру жұмыстарына тікелей араласып кеттім. Осындай жұмыстардың батыс аймақта басталғанын естіген Иманғали Тасмағамбетов мені шақырып, «сіздер көне Сарайшық қаласының орнын неге зерттемейсіздер? Қаланың орнын су шайып, бұзылып барады. Қандай көмек керек? Айтыңыз, көмектесеміз» деді.

Облыстың сол кездегі басшысы Равиль Шырдабаев қазба жұмыстарына арнайы қаржы бөліп, көп жылға созылған Сарайшықтағы қазба жұмыстары басталған еді. Осылайша, облыстық музейдің қоры молайып, 1999 жылы Сарайшықта музей кешені салынды. Қазба жүргізілген жерді қоршап, туристердің келіп тамашалауына жағдай жасалды. Кейін республикалық деңгейдегі музей-қорығы ашылды. «Сарайшық эпопеясы» осылай қолға алынған еді.

Соңғы жылдары көне Сарайшық шаһарының орнын сақтап қалу жұмыстары басталды. Өзен жағалауын бетонмен бекітіп, қаланы су шаю қаупінен сақтап қалды.Қазір Сарайшықты зерттеп, оны халықтың мәдени игілігіне пайдаланудың жаңа кезеңі басталды. Оны халықаралық деңгейде жалғастыру қажет.

– «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Атырауда өтті. Бұған сіз қандай көзқарас білдіресіз?

– Конференцияға белгілі себептерге байланысты қатыса алмадым. Бірақ өте орынды. Жошы ұлысы орталықтарының бірі саналатын Сарайшық империяның саяси, мәдени және идеологиялық тұғырларының да бірі болды. Сарайшықтың іргесінде осындай халықаралық шараны өткізген жөн деп санаймын. Сондай-ақ, оны тек еліміздің тұрғындары үшін ғана емес, әлемдік деңгейде атап өту атыраулықтар үшін де үлкен мәртебе.

– Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен тарихшылар, зерттеуші ғалымдар, шетелдік меймандар қатысты. Алтын Ордаға арналған мұндай ауқымды шараны өткізу арқылы неге қол жеткізе аламыз деп ойлайсыз?

– Ұлық Ұлыс, Жошы ұлысы немесе Алтын Орда империясы – біздің мемлекеттігіміздің қайнар көзі, бастауы. Кезінде тарихымызды зерделеуде осы жағдайға акцент (басымдық) жасалмай, тіпті бөліп қараған жағдайлар болды.

Сондықтан , көптеген халықтардың ортақ тарихын бірігіп зерделеп, келешекте ғалымдардың басын ортақ тарихымызды жазуға бірге жұмылдыру үшін мұндай шаралар артық болмайды деп есептеймін.

– Уақыт бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар