Жамбыл облысы Жуалы ауданында орналасқан мектепте ұзақ жыл еңбек еткен мұғалім зейнетке шыққаннан кейін бірден жұмыстан босатылып, оқу жылын аяқтауға мүмкіндік берілмеген. Алайда педагог сотқа жүгініп, жұмыс берушімен болған дауда жеңіп шықты. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұғалім 1991 жылдан бері мектепте еңбек етіп келген: алғашында ұзартылған күн тобының тәрбиешісі, кейін тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Былтыр жыл соңында зейнет жасына толған ол мектеп директорынан оқу жылы аяқталғанша жұмысын жалғастыруға рұқсат сұраған. Алайда мектеп басшылығы бұл өтінішке құлақ аспай, педагогты дереу қызметінен босатқан.
Мұғалім не талап етті?
Педагог сотқа жүгініп, жұмысына қайта орналастыруды, мәжбүрлі түрде жұмыстан шеттетілген уақыт үшін жалақыны өндіруді, сондай-ақ моральдық шығынды өтеуді сұраған.
Сот не деді?
Жоғарғы сот таратқан ақпаратқа сәйкес, сот мектептің әрекетінен Еңбек кодексі, ұжымдық келісімшарт пен салалық келісім талаптарының өрескел бұзылғанын анықтаған.
"Жұмыс беруші тарапынан еңбек шартын бұзу туралы ескерту заңда белгіленген мерзімде берілмеген, жұмысшының құқықтары ескерусіз қалған", – делінген хабарламада.
Аудандық сот педагогты бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, мәжбүрлі түрде жұмыстан шеттетілген алты ай үшін 2,1 млн теңге көлемінде жалақы төлеу, сондай-ақ 100 мың теңге моральдық зиян және 250 мың теңге адвокат шығындарын өтеу туралы шешім шығарған.
Сонымен қатар сот аудандық білім бөліміне мектептегі заңбұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым жолдаған.
Мектеп директоры бұл шешіммен келіспегенімен, облыстық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды.