Зейнетақыны уақытында алу үшін не істеу керек? БЖЗҚ мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 09 ақп. 2026 10:00

Зейнет жасына жеткен азаматтар зейнетақыны кешіктірмей рәсімдеу үшін тұрғылықты жеріндегі ХҚКО-ға уақытында жүгінгені жөн. Осы арқылы мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақтарды алу рәсімделеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжаттарды зейнет жасына 10 күн қалғанда тапсыруға болады. Өйткені зейнетақы төлемдері өтініш тіркелген күннен бастап есептеледі. Егер адам зейнет жасына толмай тұрып өтініш берсе, төлемдер оның зейнет жасына жеткен күнінен басталады. Ең маңыздысы кешігіп жүгінген уақыт үшін зейнетақы кері төленбейді.

Зейнетақыны уақытында рәсімдеу табыстан айырылып қалмаудың кепілі. Бюджеттен төленетін зейнетақыны тағайындау үшін еңбек өтілі құжаттар арқылы мұқият тексеріледі.

Кейбір азаматтар мемлекеттік зейнетақыны рәсімдегенімен, БЖЗҚ-дағы жинақтарын алуға өтініш беруді ұмытып кетеді. Мұндай жағдайларды анықтау үшін қор жыл сайын "Азаматтарға арналған үкімет" базасымен деректерді салыстырып, төлемдерді проактивті түрде, яғни өтінішсіз-ақ тағайындайды. Бұл кезде қаражат зейнетақы рәсімдеу кезінде көрсетілген банк шотына аударылады.

БЖЗҚ төлемдері жинақ толық таусылғанға дейін жалғасады. Сондықтан зейнетке шығу процесін кешіктірмей бастап, барлық төлем түрін толық рәсімдеу маңызды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove