Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақы жүйесіне қатысты болатын өзгерістер жөнінде пікір білдіріп, бұл жаңалықты «үміт сыйлайтын бастама» деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі талқылау жұмыс берушілердің міндетті жарналарын қайта бөлу мәселесіне қатысты. Қазір жұмыс беруші әр қызметкер үшін ай сайын қосымша жарна төлейді, алайда бұл қаражатты бөлу тетігі әлі нақты бекітілмеген.
Аймағамбетов бұл мәселеде сарапшылармен бірге өз ұсыныстарын бірнеше рет айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, 5 пайыздық жұмыс беруші аударымының 4 пайызы азаматтардың жеке шоттарына тікелей түсіп, олардың жинағын арттыруы тиіс, ал 1 пайызы ортақ қорға бағытталуы қажет.
«Жұмыс беруші әр қызметкер үшін төлейтін қаражат жеке адамға “байланып”, жоғалмай сақталуы керек. Яғни ол қаражат иесізденбеуі тиіс», - деді депутат.
Ол мұндай тәсілді нақты қадам әрі әділетті шешім деп бағалады. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген.
Аймағамбетовтың сөзінше, басты мақсат - қаражатты шашыратпай, оны барынша нақты әрі әділ бағыттау.
«Адам өз ақшасын көріп, оның болашағына қалай жұмыс істеп жатқанын түсінуі керек», - деді ол.
Сонымен қатар депутат жүйеде тепе-теңдік сақталуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаражаттың бір бөлігі - жеке жинақ пен жауапкершілікке, ал екінші бөлігі - ынтымақ қағидатына негізделіп, жинағы жеткіліксіз азаматтарды қолдауға бағытталуы тиіс.
Аймағамбетов мұндай модель зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін әділ болатынын айтты. Қазір бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданбаған, талқылау жалғасып жатыр. Депутат ұсынылған нұсқа жұмысшылардың мүддесі үшін қабылданады деген үміт білдірді.
