Жетісу облысында ауыр жүк көліктерінің автоматтандырылған салмақ өлшеу станциясын айналып өтуіне мүмкіндік берген техникалық жол жабылды. Заңбұзушылық "Сарыөзек – Көктал" республикалық маңызы бар тасжолының бір бөлігінде анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Кербұлақ ауданындағы цемент таситын көліктердің салмақ бақылауынан жалтару үшін айналма жолды пайдаланатыны түсірілген видео тарады. Оны жариялаған облыс тұрғыны жүргізушілердің бақылау бекетін ашық айналып өтіп жүргенін мәлімдеді.
"Жүргізушілер басшылықтың мәселені шешіп беретінін айтады. Арнайы техникалардың арасында “ҚазАвтоЖол” логотипі бар цемент таситын көліктер де кездеседі. Мемлекет жол салу мен жөндеуге миллиардтаған теңге бөліп жатқанда, мұндай жағдайға жол берілмеуі керек", – деді видео авторы.
Көлік прокуратурасының мәліметінше, жүргізушілер автоматтандырылған өлшеу станциясына түспеу үшін өндірістік мақсатқа арналған техникалық жолды пайдаланған. Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен "ҚазАвтоЖол" филиалының арнайы техникасы айналма бағыттарды бөгеген.
Қазір ауыр жүк көліктері автоматтандырылған салмақ өлшеу кешені арқылы өтуге міндетті. Жағдайды бақылау үшін прокуратура, көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық топ жасақталды. Тексеру жұмыстары аумақаралық қағидат бойынша жүргізіледі.
Сонымен қатар мобильді салмақ өлшеу кешендерінің санын көбейту туралы шешім қабылданған. Құзырлы органдар "ҚазАвтоЖолмен" бірге Қонаев қаласының кіреберісіне автоматтандырылған бақылау жүйесін орнату мәселесін де қарастырып жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері салмақ талаптарын бұзған 22 мың тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 6 млрд теңге айыппұл салынған. Бұған қоса, көліктердің белгіленген мөлшерден артық жүк тиеп шығуына жол берген 363 кәсіпкерлік субъектісі жауапқа тартылды.
Прокуратура ауыр жүк көліктерінің қозғалысы мен салмақ талаптарының сақталуына қатысты бақылау жалғасатынын хабарлады.