Жетісуда заңсыз құм өндірген кәсіпкердің жүк көлігі тәркіленді

Жетісуда заңсыз құм өндірген кәсіпкердің жүк көлігі тәркіленді
ztgzt.kz

Жетісу облысында Қаратал өзенінің арнасынан заңсыз құм-қиыршықтас қоспасын өндіргені үшін кәсіпкердің жүк көлігі мемлекет кірісіне тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының рейдтік іс-шаралары барысында Қаратал өзенінің арнасынан құм-қиыршықтас қоспасының заңсыз өндірілгені анықталған.

Тексеру барысында серіктестіктің экологиялық және жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, табиғи ресурстарды өндіргені белгілі болды.

Прокуратураның үйлестіруімен уәкілетті орган әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жолдаған. Алғашқы сатыдағы сот құқық бұзушыға ең төменгі жаза тағайындағанымен, прокуратура бұл шешімге наразылық білдірген.

Апелляциялық сатыдағы сот прокуратураның наразылығын қанағаттандырып, құқық бұзушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен оған айыппұл салынып, заңсыз өндірілген табиғи ресурстарды тасымалдауға пайдаланылған жүк көлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Прокуратура заңсыз жер қойнауын пайдалану деректерін анықтау және табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.