«Екі шипаның бірі – бал» деген халық даналығы ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтқан емес. Бүгінде бұл өнім тек табиғи тәтті тағам ретінде ғана емес, денсаулықты нығайтуға арналған түрлі өнімдердің негізгі шикізатына айналып келеді. Қазақстанда да омарта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бастамалар көбейіп жатыр. Соның бірі – Жетісу облысының Текелі қаласында жүзеге асып жатқан балды терең өңдеу жобасы, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан жыл сайын шамамен 10–12 мың тонна бал өндіреді. Алайда сарапшылардың бағалауынша, оның 1 пайызға да жетпейтін бөлігі ғана өнеркәсіптік деңгейде өңделеді. Қалғаны негізінен табиғи күйінде сатылады.
Бұл көрсеткіш елімізде омарта өнімдерін өңдеу саласының әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын аңғартады. Соңғы жылдары дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларға сұраныстың артуы осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтіп отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы Қазақстандағы дәрумендер мен олардың туындыларын өткізу көлемі 381,1 тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 2,3 есеге артқан. Сарапшылар бүгінде елдегі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар нарығын 80 миллиард теңгеден астам қаржыға бағалайды.
Осы үрдісті ескерген кәсіпкерлер Текеліде табиғи омарта өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өндірісті іске қосқан.

Табиғаттың өзі сапа кепілі
Текелі балының ерекшелігі – оның алынатын ортасында. Қала мен өндірістік аймақтардан шалғай орналасқан омарталар таудың етегінде орналасқан. Аралар табиғи өсімдіктерден нәр жинайды.
Мамандардың айтуынша, балдың дәмі мен сапасына әсер ететін басты факторлардың бірі – экологиялық орта. Сондықтан таулы өңірде өндірілетін өнімнің өзіндік ерекшелігі бар.
Осындай табиғи артықшылықтарды пайдаланып отырған «Kausar Shifa Kz» кәсіпорны 2025 жылы құрылған. Компания балды жай ғана сатумен шектелмей, оны өңдеп, иммунитетті қолдауға арналған табиғи өнімдер шығаруға басымдық беріп отыр.
Кәсіпорынның негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Қайролланың айтуынша, басты мақсат – табиғи өнімдердің қасиетін біріктіріп, сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну.
«Біздің мақсатымыз – табиғи шикізат негізінде халық денсаулығына пайдалы өнімдер шығару. Қазір кәсіпорында 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта омарта ұяларының санын көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Әлемдік тәжірибеде бал тек азық-түлік емес, фармацевтика, косметика және тағамдық қоспалар өндірісінде кеңінен қолданылады. Қазақстанда бұл бағыт енді ғана қарқын алып келеді.
Текелідегі өндірістің ерекшелігі – омарта өнімдерінен әртүрлі дәрумендік кешендер мен табиғи қоспалар әзірлеуге мүмкіндік беретін технологияларды қолдануы. Өндіріс желісі сағатына 1,5 мың дана шыны құтыдағы өнім шығаруға қауқарлы.
Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені шикізатты өңдеу арқылы оның нарықтағы бағасы өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады және экспорттық әлеует күшейеді.

Шикізат мәселесі өзекті
Дегенмен өндірісті толық қуатында жұмыс істеуге кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – сапалы шикізаттың жеткілікті көлемде болмауы.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бүгінде омарта шаруашылығы елдің көптеген өңірінде дамып келеді. Алайда өндіріс сапасын сақтау үшін өнімнің шығу тегі мен өндіріс процесі толық бақыланатын шикізат қажет.
Сондықтан компания бал сатып алуда сапа талаптарына ерекше мән береді. Бұл өз кезегінде бренд беделін сақтауға және тұтынушылар сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Экспорт пен медициналық туризмге қадам
Компанияның алдағы жоспарлары тек ішкі нарықпен шектелмейді. Қазірдің өзінде Қытай мен Малайзия тарапынан қызығушылық байқалып, келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар кәсіпорын Қытайдағы ірі көрмелердің біріне қатысуға шақырту алған.
Болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту және экспорт географиясын кеңейту көзделіп отыр.
Кәсіпорын өкілдері медициналық туризм бағытын да дамытуды жоспарлайды. Бұл бастама өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, омарта шаруашылығы негізінде жаңа қызмет түрлерінің қалыптасуына жол ашуы мүмкін.

Бір ұядағы таңғажайып әлем
Омарташылардың айтуынша, бір ара ұясынан қолайлы жағдайда 30 келіге дейін бал алуға болады. Ал аналық ара тәулігіне 1500–2000 жұмыртқа салады.
Жұмысшы аралардың өмірі шамамен 40 күн ғана болғанымен, осы уақыт ішінде олар бірнеше маңызды міндет атқарады. Алғашқы күндері ұядағы балапандарды күтсе, кейін ұяны тазалап, одан соң гүлден гүлге ұшып, шырын жинауға кіріседі.
Омарташылардың пікірінше, табиғаттағы мұндай үйлесімді еңбек жүйесі жоғары сапалы өнім алудың негізі болып табылады.

Жаңа мүмкіндіктер кезеңі
Қазақстанда омарта шаруашылығының әлеуеті жоғары болғанымен, өнімді терең өңдеу бағытында атқарылар жұмыс әлі көп. Текелідегі жоба осы саланың жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп отыр.
Бүгінде тұтынушылар табиғи әрі сапалы өнімге көбірек мән береді. Ал бал негізіндегі дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалар өндірісі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін байланыстыратын перспективалы бағытқа айналып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, егер мұндай жобалар көбейсе, Қазақстан тек бал өндіруші ел ретінде ғана емес, жоғары қосылған құны бар омарта өнімдерін экспорттайтын мемлекет ретінде де танылуы мүмкін.