Жетісу облысында жол сапасы жақсарып келеді: биыл 380 шақырымнан астам жол жөнделуде

Жетісу облысында жол сапасы жақсарып келеді: биыл 380 шақырымнан астам жол жөнделуде
Жеңіс Ысқабай

Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдары 100% жөндеуден өтті. Сонымен қатар қазіргі уақытта облыстық маңызы бар 150 шақырым жолға және облыстың 38 елді мекеніндегі 230 шақырым көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын «Жансүгіров – Ақсу» облыстық маңызы бар автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жол учаскесіне соңғы 30 жыл бойы күрделі жөндеу, құрылыс немесе қайта жаңғырту жұмыстары мүлде жүргізілмеген.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл жолдағы орташа жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталған. Жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат облыстық бюджеттен бөлінді.

– Ең алдымен су бұру мәселесі шешілді. Жоспарланған 13 су өткізу құбырының барлығы бүгінгі күнге дейін толық орнатылып, пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде трассаның 11 шақырымына толықтай асфальт төселді. Бұл учаскеде жол жиегін нығайту жұмыстары атқарылып жатыр. Одан кейін мамандар жаңа жол белгілерін орнатып, жол таңбаларын сызуға кіріседі. Қалған 20 шақырым жолды биылғы жылдың қазан айының соңына дейін толық асфальттау жоспарланған. Ал қараша айында нысан барлық қажетті инфрақұрылымымен бірге пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл «Ақсу – Қаракөз» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ Ақсу ауылынан Ойтоған ауылына дейінгі 20 шақырым жолға да жөндеу жүргізілуде. Бұл нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, биыл Ақсу ауданында шамамен 40 шақырым жол учаскесі жөндеумен қамтылды, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.

Атап өтсек, «Жансүгіров – Ақсу» облыстық маңызы бар автомобиль жолын жаңарту – өңірдің көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамыту жұмыстарының бір бөлігі ғана.

Соңғы жылдары өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 100 пайызы толық жөнделіп, жаңғыртылды. Атап айтқанда, «Талдықорған – Үшарал – Достық» және «Сарыөзек – Қорғас» бағыттарындағы жолдар жаңартылды.

«Алматы – Талдықорған» автожолының ұзындығы 21 шақырым болатын учаскесінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоба биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталады.

Алматы облысының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі, оның ішінде қаланың айналма жолын қамтитын 158 шақырым автожол 2027 жылдың соңына дейін толық қайта жаңғыртылады.

Ал ұзындығы 40 шақырым болатын «Талдықорған – Үштөбе» автожолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биылғы қыркүйек айында аяқталады.

Осылайша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96 пайызға жетіп, бұл көрсеткіш елдегі ең жоғары деңгейлердің бірі болмақ.