Жетісу облысының Текелі қаласында ең ұзын көше – Қонаев көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, бұл көшенің 19 шақырымы жаңарды. Текеліге барған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған жолдың сапасымен танысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Еске салсақ, Қонаев көшесі жолындағы құрылыс жұмыстары тұрғындардың өтініші бойынша өткен жылдың сәуір айында басталған болатын.
Қала әкімі Алмас Әділдің айтуынша, жөндеу биылғы 1 маусымда аяқталды. Яғни көшенің 6 шақырымына күрделі, 13 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Былтыр қала бойынша 21 көшеге жарықтандыру тіректері орнатылса, сол қатарда Қонаев көшесіне көше жарығы қойылды.

Бейбіт Исабаев жолдың жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысып, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің өкілдеріне нысанды қабылдау алу алдында жол сапасына тексеру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.
Қаладағы қоғам белсенділері де жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысынан хабардар екендіктерін жеткізді:
- Бұл - 38 шақырымға созылатын ең негізгі көше. Ұзақ жылдардан бері тұрғындар осы көшені жөндеу қажеттігі туралы мәселені көтеріп келді. Халықтың тілегі ескеріліп, өткен жылдан бастап қаламыздың кіреберісінен жаңа көпірге дейінгі бөлігіне күрделі жөндеу, көпірден 2-ші кордонға дейін орташа жөндеу жүргізілді. Жол жөндеу кезінде уақытша қолайсыздар болуы заңды, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары аяқталды, нәтижесін көріп отырмыз. Қазір тұрғындар да, туристер де риза. Оған қоса қалада жаяу жүргішілер жолдары төселіп, қолайлы жағдай жасалуда, - деді Елена Моисеева.
Атап өтсек, соңғы жылдары облыстағы республикалық маңызы бар жолдар 100% жөнделді. Оған қоса қолға алынған жобалардың арқасында биылғы жылдың соңына қарай облыстық маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі 96%-ға жетеді. Бұл – республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ биыл жергілікті жолдарды жөндеуге де қомақты қаржы қарастырылды.