Зерендідегі электр желілерін салуға 8,5 млрд теңге жұмсалмақ

Зерендідегі электр желілерін салуға 8,5 млрд теңге жұмсалмақ
Фото: ЖИ

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы электр желілерін жаңартуға 8,5 млрд теңге бөлінбек. Алайда миллиардтаған теңгенің келісімшарты ашық конкурс өткізілмей жасалған. Бұған қоса, таңдалған мердігердің мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар-жоғы белгісіз, деп хабарлайды dalanews.kz.

Госзакуп мәліметінше, Зеренді ауданындағы электр мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. 2023 жылы тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданған. Мұндай жағдай 2024 жылы да қайталанды. Былтыр тамызда аудан әкімі кейбір елді мекендердегі электр желілерінің толық тозғанын айтқан еді.

Биыл ақпанда тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге қатысты қоғамдық қабылдау өтіп, онда электрмен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Ал наурызда ауданда электр қуаты мен жылу бір уақытта өшкені туралы хабар тарады.

Демек, желілердің апатты жағдайда екені жауапты органдарға бұрыннан белгілі. Соған қарамастан, мәселені шешуге бағытталған ауқымды жоба енді ғана қолға алынып отыр. Неліктен құрылыс жұмыстары бұған дейін басталмағаны түсініксіз.

8,5 млрд теңгелік келісімшарттың бір көзден жасалғаны да назар аудартады. Ашық деректерде жобаға қатысты толық құжаттар жарияланбаған. Қазіргі уақытта келісім туралы қысқаша мәлімет қана бар.

Мердігерді таңдау мәселесі де сұрақ тудырады. Компания бұған дейін ғимараттарды жөндеу және сату, балалар мен футбол алаңдарын салу жұмыстарымен айналысқан. Ал ірі электр желілерін салу бойынша тәжірибесі туралы ашық мәлімет жоқ.

Енді мемлекеттік органдар электр желілерін жаңарту жұмыстарының неге кеш басталғанын, мердігердің қандай талаптар бойынша таңдалғанын және 8,5 млрд теңгенің нақты қалай жұмсалатынын түсіндіруге тиіс. Мұндай ірі жоба барынша ашық жүзеге асырылуы керек.