Алматы облысының Райымбек ауданында картоп өсіріп отырған шаруашылық жер дауына тап болды. "Алтын дән" кооперативі бұл жерді 2022 жылы иесінен он жылға жалға алған. Алайда биыл көктемде жер иесі келісім мерзімі аяқталмағанына қарамастан, алқапты қайтаруды талап еткен. Кооператив басшылығы жерге бір миллиард теңгеден астам қаражат құйылғанын, ал келісімшарттың нотариус арқылы рәсімделіп, заңды түрде тіркелгенін жеткізді. Қазір екі тараптың арасындағы дау сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Алтын дән" кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыровтың сөзінше, жобаны жүзеге асыру туралы бастама 2022 жылы көтерілген. Сол кезде Алматы облысын басқарған Қанат Бозымбаев Райымбек ауданының тұрғындарымен кездесуге келген. Шаруалар мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту жөніндегі тапсырмасын негізге алып, ауданда кооператив құру туралы ұсыныс білдірген.
Кейін ірі ауыл шаруашылығы жобасын бастау үшін көлемді жер телімі қажет болған. Ауданда бос жер табу қиын болғандықтан, шаруалар ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан алқапты анықтап, оның иесімен Алматы қаласында кездескен.
"Бұл жер бұрын суарылмаған, суы да болмаған. Мал таптап жатқан бос алқап еді. Иесін тауып, жүзеге асыратын жобамызды түсіндірдік. Жерді он жылға сенімгерлік басқаруға беруді сұрадық. Ол келісімін берді. Құжатты нотариус арқылы рәсімдеп, заңды түрде тіркеттік. Егер келісімшарт тіркелмесе, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, субсидия да ала алмас едік", – дейді Дулат Құлмамыров.
Оның айтуынша, жаңа шаруашылықты бірден іске қосу мүмкін болмаған. Құжаттарды рәсімдеуге, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және суару жүйесін жоспарлауға жарты жылдан астам уақыт кеткен. Негізгі құрылыс жұмыстары 2024–2025 жылдары жүргізілген.
Кооператив төрағасы осы кезеңде шаруашылық ешқандай пайда таппағанын, керісінше, несие төлемдерін құрылтайшылар өз қаражатынан жауып келгенін айтады.
Суару жүйесіне 780 миллион теңге жұмсалған
Дулат Құлмамыровтың мәліметінше, жаңбырлатып суару жүйесін сатып алып, орнатуға 780 миллион теңге кеткен. Алқапта әрқайсысының тереңдігі 250 метр болатын үш ұңғыма бұрғыланып, 35 мың текше метр су жинайтын қойма салынған. Сондай-ақ шаруашылыққа дейін 2,5 шақырым электр желісі мен осынша қашықтыққа жол тартылған.
Бұған қоса, суару қондырғыларына жеті шақырымнан астам қуат кабелі жүргізіліп, жер астына құбырлар салынған. Кооператив басшысы тек жерге орнатылған инфрақұрылымның өзіне шамамен 400 миллион теңге жұмсалғанын алға тартады.
Жалпы жобаға салынған инвестиция көлемі бір миллиард теңгеден асады.
Алайда 2026 жылдың көктемінен бастап жер иесі алқапты қайтаруды талап етіп, сотқа жүгіне бастаған. Құлмамыровтың айтуынша, алғашқы сот талқылауында шешім кооперативтің пайдасына шығып, он жылдық келісімшартты біржақты бұзуға негіз жоқ деп танылған.
Кооператив соттың талабы бойынша атқарылған жұмыс пен қаржыға қатысты есептерін де ұсынған. Шаруашылық өкілдері барлық құжаттың заң талаптарына сай екенін және келісімшарт бойынша міндеттемелер орындалғанын айтады.
Алайда Дулат Құлмамыровтың мәлімдеуінше, кейінгі сот отырысында бұған дейінгі шешім өзгеріп, дау жер иесінің пайдасына шешілген.
"Көктемде сот біздің пайдамызға шешім шығарған еді. Ал өткен жұмада мүлде басқа шешім қабылданды. Бұрынғы шешімнің күші жойылып, жер иесінің талабы қанағаттандырылған. Бір мәселеге қатысты соттың екі түрлі шешім қабылдағанын түсіне алмай отырмыз", – дейді кооператив төрағасы.
PepsiCo компаниясымен келісім жасалған
Жерге қатысты алғашқы сот шешімінен кейін кооператив жұмысын жалғастырып, биыл PepsiCo компаниясымен келісім жасасқан. Дулат Құлмамыровтың айтуынша, шаруашылық Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарында компаниямен жұмыс істеп отырған ең ірі нысандардың біріне айналған.
Биыл PepsiCo-ға арналған картоп 220 гектар жерге егілген. Кооператив төрағасы бұл халықаралық компаниямен әріптестіктің алғашқы жылы екенін және жоба ел көлемінде маңызды екенін атап өтті.
"Бұл – аудан мен облыс үшін ғана емес, республика үшін де маңызды жоба. PepsiCo компаниясының қажеттілігін отандық өніммен қамтамасыз етуіміз керек. Біз биыл олармен жұмысты алғаш рет бастадық", - дейді ол.
Қазір шаруашылықта 20 адам тұрақты еңбек етеді. Көктемгі маусымда жұмысшылар саны 40 адамға дейін жеткен. Күзгі жиын-терім кезінде тағы 40–50 адамды уақытша жұмысқа тарту көзделген. Ал келесі жылы 50-ге жуық азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланыпты.
Алқапта еңбек ететіндердің арасында көпбалалы отбасылардың мүшелері де бар. Жеті баланың әкесі Ноян Сайрабеков бір жылдан бері көрші ауылдан қатынап жұмыс істейді. Ол шаруашылық тоқтаса, ауыл жастары табыссыз қалатынын айтады.
"Бір жылдан бері бала-шағамды асырау үшін осы жерде еңбек етіп жүрмін. Кооператив жұмысын тоқтатса, біз сияқты жастар басқа қай жерге барып жұмыс істейді?" – дейді шаруа.
Келісімге келуді ұсынған
Кооператив басшысы жер иесімен дауды өзара келісім арқылы реттеуге бірнеше рет әрекет жасалғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, шаруашылық өкілдері бұрынғы жылдарға 8–10 миллион теңге төлеуге дайын екенін айтқан. Сондай-ақ жоба табыс әкеле бастағаннан кейін биылғы жылдың төлемін де қайта есептеп беруді ұсынған.
Алайда жер иесі бұл ұсыныстарды қабылдамай, алқапты толық қайтаруды талап еткен.
"Пайда таппаған кезеңіміз болса да, бұрынғы жылдар үшін ақы төлеуді ұсындық. Биыл табыс түсе бастаса, соған сай есептесуге дайын екенімізді айттық. Басқа да көмекті қарастыруға болатынын жеткіздік. Бірақ олар келіссөзге келмей, жерді қайтарып алып, бәрімізді шығаратынын айтты", – дейді Құлмамыров.
Ол дайын инфрақұрылымы, техникасы және келісімдері бар шаруашылықты тартып алу әрекеті жасалып жатқан болуы мүмкін деп қауіптенеді. Дегенмен бұл – кооператив өкілінің пайымы, оған құқық қорғау органдары құқықтық баға берген жоқ.
Құрылыс жұмысы бір айға жуық тоқтаған
Дулат Құлмамыров көктемде, сот шешімі шықпай тұрып-ақ, алқаптағы жұмысқа кедергі келтірілгенін айтады. Оның мәліметінше, жер иесі полиция қызметкерлерін ертіп келіп, құрылыспен айналысып жүрген мердігер компанияның жұмысшыларын аумақтан шығарған.
Соның салдарынан құрылыс жұмыстары бір айға жуық тоқтап қалған.
"Соттың қандай да бір шешімі шықпай тұрып, құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшыларды алқаптан шығарып жіберді. Жұмыс бір айға жуық тоқтады. Содан бері жалғасып келе жатқан сот процестері шаруашылықтың дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр", - дейді ол.
Шаруашылық басшысы жоба облыс пен аудан әкімдігінің назарында екенін де атап өтті. Оның сөзінше, соңғы үш жылда облыс басшылығы ауданға барған сайын шаруашылықтың жұмысымен танысып отырған. Кооперативтің ауыл шаруашылығын дамытудағы еңбегі де бірнеше рет марапатталған.
Шаруалар Үкімет пен құзырлы органдардан көмек сұрады
Даудың ушығуына байланысты «Алтын дән» кооперативі Үкіметке, Президент әкімшілігіне, Жоғарғы сотқа және басқа да құзырлы органдарға үндеу жолдауға ниетті.
Шаруалар сот шешімін қайта қарап, заңды түрде жасалған он жылдық келісімшарт пен жобаға салынған инвестицияны ескеруді сұрайды. Олар даулы мәселе шешілмесе, шаруашылықтың жұмысы тоқтап, жаз бойы өсірілген өнім жиналмай қалатынын ескертеді.
Қазір басты мәселе – 220 гектар алқаптағы картопты уақытында жинап алу. Егер жер дауы созылып кетсе, шаруалар өнімнен, ал жергілікті тұрғындар жұмыс пен тұрақты табыстан айырылуы мүмкін.
Аудан әкімдігі не дейді?
Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Мұхамеджанов әкімдік екі шаруашылықтың өзара келісіміне араласа алмайтынын айтты. Дегенмен құзырлы органдар жердің қалай рәсімделгенін және бұрынғы үлескерлердің құқықтары сақталған-сақталмағанын тексермек.
"Бұл жерде 2018 жылы қабылданған шешім және жер үлесіне ие азаматтар туралы ақпарат бар. Қазір тиісті құжаттарды сұратып, жағдайды анықтаймыз. Егер тіркеу кезінде заң талаптары сақталмағаны белгілі болса, заңсыз шешімнің күшін жоюға көмектесеміз", – деді әкім орынбасары.
Сот әзірге жер иесінің талабын қанағаттандырған. Алайда кооператив басшылығы мұнымен келіспей, шешімді жоғары сатыда даулауға дайындалып жатыр.