ШҚО-да 14 адам заңсыз контент тарату ісі бойынша сотталды

ШҚО-да 14 адам заңсыз контент тарату ісі бойынша сотталды
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында порнографиялық материалдар дайындап, таратқан және жыныстық сипаттағы қызмет көрсету орындарын ұстаған 14 адам сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған. Сотталушылар порнографиялық материалдарды заңсыз дайындау, тарату және жарнамалау, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы бейнематериалдарды заңсыз сатумен айналысты деп айыпталған.

Сот материалдарына сәйкес, олардың бір бөлігі телекоммуникация желілерін, соның ішінде интернетті пайдаланып, жыныстық сипаттағы қызметтер көрсетуге арналған притондарды ұстаған. Сотталушылардың біріне ұйымдасқан топ құрып, оған басшылық ету, тағы бірнешеуіне осы топқа қатысу айыбы тағылған.

Барлық сотталушы өз кінәсін толық мойындап, прокуратурамен кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісімдер жасаған.

Сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын және басқа да мән-жайларды ерекше деп танып, Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін қолданған. Соның нәтижесінде тиісті баптардың санкцияларында көзделген жазаның ең төменгі шегінен төмен жаза тағайындалды.

Сот үкімі бойынша бір адам 5 жылға, 11 адам 3 жылға, тағы екі адам 2 жыл 6 айға және 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Кәмелетке толмаған балалары бар үш сотталушыға Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды. Қалғандары жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейді.