Татарстанда болған жантүршігерлік жол апатынан алты адам қаза тапты. Алдын ала ақпарат бойынша, көлікте 15-16 жастағы жасөспірімдер болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға Зеленодольск қаласында болған. Жолаушылар мінген жеңіл көлік ағашқа соғылып, артынша өртеніп кеткен.
Апаттан 15 жастағы жасөспірім ғана аман қалды. Ол денесінің 30 пайызы күйіп, ауруханаға жеткізілген. Бала есін біледі, алайда ауыр күйзелісте болғандықтан, көлікті кім басқарғанын әзірге айта алмаған.
Қаза тапқандардың денелері қатты күйіп кеткен. Осыған байланысты олардың жеке басын анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізіледі.
Татарстан прокуратурасының мәліметінше, жол апаты 24 шілдеге қараған түні Зеленодольск қаласындағы Волжская көшесінде болған. Жүргізуші мен бес жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін апат орнына Зеленодольск қаласының прокуроры Дмитрий Ерпелев барған. Тексеру барысы қадағалау органының бақылауына алынды.
Жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Ресей Қылмыстық кодексінің 264-бабының 5-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Кейін құқық қорғау органдары көлікті жүргізуші куәлігі жоқ 30 жастағы ер адам басқарғанын хабарлады.
Қазір жергілікті тұрғындар апат орнына гүл шоқтарын әкеліп, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып жатыр.