Украина басшысы Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстанда кездесуге әзір екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Оның (Путиннің – Dalanews) таңдауы бар. Трамптың да командасы, менің де командам, еуропалық көшбасшылар, соның ішінде Макрон және басқалары, сондай-ақ Түркия президенті Ердоған да - барлығымыз кездесуді Түркияда, Сауд Арабиясында, Катарда немесе бейтарап Еуропада, мысалы, Австрияда, Швейцарияда өткізуді ұсындық. Сондықтан біз: “Қаласаңыздар, Қазақстан сияқты жерде де кездесуге болады” деп айттық", – деді Зеленский сәрсенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында.
Ол дәл қазір Ресей көшбасшысымен кездесуге дайын екенін атап өтті.
"Мен оны Киевке шақырған жоқпын. "Егер сіз менімен кездескіңіз келмесе, әрине, өз тарапыңыздан мені Мәскеуге шақырасыз. Бұл тек кездесуді кейінге қалдыру үшін жасалатын әрекет қана” дедім. Бұл – мен оны Киевке шақырғаныммен бірдей нәрсе", – деп түсіндірді Зеленский.
Айта кетейік, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде бейбіт келіссөздер жүргізу туралы ұсынысын қабылдамай, оны Киевке шақырған еді. Бұл туралы ол ABC News арнасына берген сұхбатында айтты.
"Ол Киевке келе алады. Егер адам соғыс кезінде кездескісі келмесе, ол әрине, мен үшін де, басқалар үшін де қабылдай алмайтын нәрсені ұсынады. Бұл - мен оған Киевке келуін ұсынғаныммен бірдей", – деді Украина президенті.
Зеленскийдің пікірінше, Путин мұндай ұсынысты кездесу уақытын кейінге шегеру үшін жасаған.
Украина басшысы, сонымен бірге, елі күн сайын зымыран шабуылына және түрлі соққыларға ұшырап жатқан кезде Мәскеуге бара алмайтынын айтып, Путиннің мұны "жақсы түсінетінін" жеткізді.
Еске салайық, Путин 3 қыркүйекте Қытайға жасаған сапарынан кейін Зеленскиймен келіссөздерді Ресей астанасында өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Екі күннен соң Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Мәскеудің "жоғарғы деңгейдегі келіссөздер үшін ең қолайлы орын" екенін тағы да атап өтті.