Зеленский Ресей әуе кеңістігімен ұшу қауіпті болатынын мәлімдеді

Зеленский Ресей әуе кеңістігімен ұшу қауіпті болатынын мәлімдеді
Фото: svoboda.org

Украина президенті Владимир Зеленский дрон шабуылдарының жиілеуіне байланысты Ресейдің әуе кеңістігі азаматтық ұшақтар үшін қауіпті бола бастағанын мәлімдеді. Ол халықаралық әуе компаниялары мен сақтандыру ұйымдарын осы жағдайды ескеруге шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Ресей әуе кеңістігін пайдаланатын барлық әуе компаниясына, сақтандыру ұйымдарына және Ресейдің негізгі әуежайларына рейс орындайтын тасымалдаушыларға ескерту жасағымыз келеді. Ресей аспаны қауіпсіз болмай барады. Оның үстінде дрондар ұшады, сондықтан мұны ескеру қажет", – деді Зеленский үндеуінде.

Украина президентінің айтуынша, Ресей билігі әуе кеңістігіндегі қауіп туралы толық мәлімет бермеген. Алайда дрон шабуылдары жалғаса берсе, елдің аспаны азаматтық рейстер үшін іс жүзінде біртіндеп жабылуы мүмкін.

Зеленский Украинаның азаматтық ұшақтарға қасақана қауіп төндірмейтінін де атап өтті.

"Біз жазықсыз адамдардың қаза болғанын қаламаймыз. Сондықтан серіктестерімізге алдын ала ескертіп отырмыз",  – деді ол.

Оның сөзінше, бұл ақпарат Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа да ірі қалаларына ұшатын халықаралық әуе компанияларына, сондай-ақ шетелдік дипломаттарға жеткізілуге тиіс. Украина Сыртқы істер министрлігі мен тиісті мекемелер халықаралық ұйымдарға қажетті мәліметтерді ұсынбақ.

"Дрондар ұшып жүрген әуе кеңістігінде азаматтық авиация болмауы керек", – деп қорытындылады Зеленский.