Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге арнап ашық хат жариялап, соғысты тоқтатып, тікелей келіссөз бастауға үндеді. Ол АҚШ пен Еуропа мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен бейтарап аумақта жеке кездесу өткізуді ұсынған, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Соғыстан шығудан қорықпаңыз – дәл қазір сізден талап етілетін ең маңызды қадам осы», – деп жазды Зеленский.
Украина президенті хатында соғыс үшін негізгі жауапкершілік Путинге жүктелетінін айтып, қарулы қақтығыс саналы түрде қабылданған шешім болғанын жеткізді.
«НАТО, геосаясат немесе орыс тілі туралы айтуға болады. Бірақ бұл – нақты себебі жоқ, сіздің жеке таңдауыңыздан туған соғыс», – делінген хат мәтінінде.
Сонымен қатар, Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге бейтарап аумақта жеке кездесу өткізіп, соғысты тоқтату жолдарын талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, болашақта жасалуы мүмкін келісімдердің кепілі ретінде келіссөздерге АҚШ пен Еуропа елдері де қатысуы қажет.
«Мен сізге кездесу өткізуді ұсынамын. Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу үшін мемлекет басшыларын дәстүрлі түрде қабылдайтын елдер бар. Швейцария, Түркия, араб мемлекеттері — мұндай форматтағы кездесуді өткізуге дайын әрі ниетті елдер жеткілікті. Негізгі шешімдерді көшбасшылар қабылдайды, бұл бұрын да солай болған және болашақта да солай болады», – деді Зеленский.
Украина тарапы келіссөздер кезеңінде атысты толық тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Киев әскери тұтқындарды «бәрін бәріне айырбастау» қағидаты бойынша алмастыруды, соғыс кезінде әкетілген бейбіт тұрғындар мен балаларды қайтару мәселесін талқылауға әзір екенін жеткізді.
«Қазіргі майдан шебі – дипломатия басталуы тиіс шеп. Украина келіссөздер жүріп жатқан кезде атысты толық тоқтатуға дайын. Шынайы тыныштыққа қол жеткізу әрекеті – диалог бастаудың ең дұрыс жолы», – делінген үндеуде.
Хат соңында Зеленский алдағы шешім Ресей басшылығының қолында екенін атап өтті. Сонымен бірге Украина өз тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді.