Қазақстандағы жекеменшік зертханалар мен медициналық ұйымдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында пациенттерді қабылдауды тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәселенің мәні мынада, мемлекеттік емханалар науқастарды талдау мен тексеруге жекеменшік зертханаларға жібереді. Бірақ кейін бөлінген қаржы лимиті асып кеткені анықталса, емханалар сот арқылы зертханалардан көрсетілген қызмет үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етеді.
Зертханалар болса емханалардың бюджетінде қанша қаражат қалғанын көре алмайтынын айтады. Сондықтан олар қызмет көрсетер алдында қаржы жеткілікті ме, жоқ па – оны тексеруге мүмкіндігі жоқ.
"Олимп" зертханалар желісінің басшысы Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, жекеменшік зертханалар мемлекеттік мекемелердің жолдамасымен келген науқастарды қабылдауға міндетті және қызмет көрсетуден бас тарта алмайды.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл дауға араласа алмайтынын мәлімдеді, себебі қордың жекеменшік зертханалармен тікелей келісімшарты жоқ.