Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шектеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның сөзінше, 20-40 жас аралығындағы азаматтардың ай сайын шамамен 500 мың теңге көлемінде табыс табуы қажет деген есеп тек міндетті зейнетақы жарналарына сүйеніп жасалмаған.
Вице-министр зейнетақы қорындағы қаражаттың едәуір бөлігі инвестициялық табыстың есебінен қалыптасатынын атап өтті. Оның айтуынша, жинақтардың шамамен 30 пайызы инвестициялық кірістерден құралады.
Сондай-ақ ол белгіленген жоғары жеткіліктілік шектеріне қанша азаматтың сәйкес келетіні жөнінде нақты статистика бар екенін айтты. Алайда бұл мәліметтерді сол сәтте жариялай алмады, өйткені қажетті сандар өзінде болмаған.