Zeekr ісі: Алматыда полицейге қатысты тергеу аяқталды

Zeekr ісі: Алматыда полицейге қатысты тергеу аяқталды
gov.kz

Алматыда үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына байланысты тағы бір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл жолы күдік Алматы полиция департаментінің қызметкеріне қатысты болып отыр.

ІІМ мәліметінше, 2026 жылғы 20 мамырда Алматы ПД қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, оның әрекетсіздігі кейін адам өліміне әкелген жол апатына себеп болған.

Ведомствоның хабарлауынша, қызметкерге қатысты іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы бойынша қаралған.

«20 мамырда Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ІІМ.

Әңгіме Алматыдағы резонанс тудырған Zeekr көлігі қатысқан жол апаты туралы болып отыр.

Негізгі қылмыстық іс ҚК 345-1-бабы 4-бөлігі – мас күйінде көлік жүргізіп, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша тергелген.

13 мамырда іс Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жолданған.

Бұған қоса, ІІМ ішкі қауіпсіздік департаменті тыйым салынған сериядағы мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактісі бойынша да бөлек тергеу жүргізіп жатыр. Іс ҚК 362-бабы 1-бөлігі бойынша қаралуда.

Еске салсақ, Алматыдағы атышулы апаттан үш адам қаза тапқан. Оқиғаға дейін көше жарысы болғаны туралы ақпарат тараған еді. Кей деректерде оған кәсіпкердің қатысы болуы мүмкін екені айтылған.

Іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Оқиғадан кейін:

– 26 наурызда полиция түнгі жарыстарға қарсы бақылауды күшейтетінін мәлімдеді;
– сол күні Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жоғары лауазымды полицейдің іске қатысы болуы мүмкін екенін айтып, видео жариялады;
– кейін Алматы полициясында қызметтік тексеру басталды;
– ІІМ басшысы Ержан Сәденов бірқатар басшылар қызметінен босатылғанын хабарлады.

Сондай-ақ Алматыда жол қауіпсіздігі шаралары күшейтіліп, бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

4 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министріне осы оқиғаға байланысты тапсырма бергені белгілі болды.

Ал 22 мамырда адвокат Чернов алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында өтетінін хабарлады.